Рим папасы Франциск Ирактағы төрт күндік сапарын 8 наурыз дүйсенді күні аяқтап, Уатиканға (Ватикан) қайтты. Ол халқының басым көбі шиіттерден тұратын Ирактағы сапарында христиан мен мұсылмандардың бейбіт қатар өмір сүруіді уағыздады.
Папа Францис төрт күн бойы Ирактағы жоғары дәрежелі үкіметтік және діни жетекшілермен кездесті. Ал, кетерінде ел президенті Бархам Салих Бағдад әуежайынан қолтығынан демеп аттандырып салды.
Рим папасының Ирак сапарындағы ең елеулі әрекетінің бірі Мосул қаласына баруы болды. Осыдан біраз жыл бұрын ғана аталған қалада өздерін «Ислам мемлекеті» деп аталған діни экстремистік топ халифат жариялаған еді. Уатикан басшысы осы қаланың орталық алаңында құрбан болған тұрғындардың аруағына бағыштап дұға оқыды. Әрине, католиктердің рухани лидері Ирактағы христиандық қалаларды да қағыс қалдырмай аралап кетті.
Сенбіде 84 жастағы Рим папасы Наджафта 90 жастағы Ирак шииттерінің жетекшісі аятолла Али Систанимен кездескен. Кездесу аятолланың қарапайым үйінде өткен. Систани Иракта ғана емес, өзге елдердегі шиіттер арасында үлкен ықпалға ие діни жетекші.
Жексенбіде, папа Франциск Ирактың Күрдістан автономиялық аймағындағы ең үлкен қаласы – Эрбилдегі Харири стадионында ашық аспан астындағы жексенбілік діни рәсімді басқарды. Карантин шектеулеріне қарамастан онда 10 мыңға жуық адам жиналды.
Бұл папа Францисктің шиіттер көбірек тұратын мұсылман еліне алғаш рет сапармен баруы. Оның сапары Ирак пен Иран және жалпы Орта Шығыстағы қазіргі саяси мәселелерге де қатысты.