Қырғыз президенті Садыр Жапаров Ресейдегі мемлекеттік сапарын бастады. Бұл оның президент ретінде алғашқы шетел сапары. Ол РФ президенті Путин және бірқатар үкімет жетекшілерімен кездесуді жоспарлаған. Жапаров Ресейден кейін Қазақстанға сапарлай келетінін оның бас дипломаты Руслан Қазақбаев мәлімдеген.

 Қырғызстан СІМ жетекшісі Руслан Қазақбаев BBC қырғыз қызметіне берген жауабында Садыр Жапаровтың Ресейдегі сапарында саяси мәселелер басты күнтәртіпте болатынын айтқан. Бұған қоса, Еуразия Даму қорынан 100 млн доллар жеңілдетілген несие алу мәселесі мен жылсайынғы Қырғызстанға берілетін гранттарды алу бойынша сөйлеседі. Қырғызстан сыртқы істер министрінің айтуынша, сапар тобы Ресеймен импорт-экспорт мәселелерін де қарастырмақ. Бұдан басқа да қол қойылатын келісімдер мен сөйлесетін тақырыптар да бар.

10 қаңтарда өткен сайлаудан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа алғашқылардың бірі болып телефон соғып сайлаудағы жеңісімен құттықтағанын және қазақ еліне ресми сапармен келуге ұсыныс еткенін Ақорда сайты жазған еді. Хабарда Садыр Жапаровтың қырғыз президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Қазақ елінен бастайтыны да айтылған болатын. Жапаровтың алғашқы шетелдік сапары Ресейде болатыны белгілі болғаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстандағы кейбір ақпарат құралдары бұған назар аударғаны белгілі.

Бұл туралы түсінік бергенде Қазақбаев: «Анықтай кету керек, алғашқы шақыру Ресей президенті Владимир Путиннен келіп түсті. Сонымен қатар, білесіздер халықаралық масштабтағы тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші ресми сапармен бір туған Қазақ еліне келіп кетіңіз деген ұсыныс жасаған. Протокол бойынша Ресей сапарынан кейін алғашқы ресми сапар Қазақстанға жасалады. Мұндай ұсыныс Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеевтен де келген болатын. Бұйырса кезек-кезегімен сапарымызды жалғастырамыз», – деп түсіндірген.

Қырғызстан СІМ басшысының айтуынша Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары наурыз айының бас шеніне жоспарланып жатыр.

“The Qazaq Times”