Әскери төңкеріс кезінде ұтқындалған Мьянма оппозициясының жетекшісі Аун Сан Су Чжи апаттардың алдын алу туралы заңды бұзды деп айыпталды. Бұрын ол рацияны заңсыз тасымалдау, қауіпті құралдарды заңсыз сақтау және пайдаланғаны үшін айыпталған.
Мьянма қарулы күштері сайлау өткізуге дайын екенін айтты. Дегенмен, бригадир генерал Зау Мин Тун әскери күштер ұзақ уақыт билікте болғысы келмейтінін айтты. Сонымен қатар, ол билікті сайлауда жеңіске жететін партияға тапсыруға уәде берді.
1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.
2017 жылға дейін Мьянманың Ракхайн штатында бір миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүрген. Бірақ халқының басым бөлігі будда дінін ұстанатын Мьянма оларды заңсыз иммигранттар деп, азаматтық беруден бас тартқан. Рохинджалар ұзақ жылдар бойы қысым көріп келе жатқандарына бірнеше рет шағымданған.
2017 жылы рохинджа әскерилері Ракхайн штатында бірнеше шабуыл ұйымдастырған. Сол жылы Мьянманың Ракхайн штатында әскерилер ислам дінін ұстанатын мыңдаған рохинджаны өлтірген. Аймақтан 700 мыңнан астам рохинджа Мьянмамен көршілес жатқан Бангладешке қашқан. Ел билігі Ракхайндағы әскерилердің әрекетін «ел тәуелсіздігіне қауіп төндіретін экстремистермен күрес» деп атады. Мьянманың бұл әрекеті бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Аун Сан Су Чжидің де беделіне нұқсан келтірді.
2019 жылы Африкадағы Гамбия елі Мьянманы «рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады» деп айыптап, Гаагадағы сотқа шағымданды. БҰҰ Халықаралық трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемдегі үш оқиғаны – 1970 жылы Камбоджадағы мемлекеттік терроризмді, 1994 жылғы Руандадағы оқиғаны, 1995 Босниядағы Сребреница қырғынын – геноцид деп таныған.