АҚШ-та Жозеф Байден инаугурациясының алдында Солтүстік Корея дабыралы әскери шеру өткізді. Бұл әскери парадта «әлемдегі ең қуатты қару» деп атаған жаңа баллистикалық зымыранын көрсетті. Зымыран сүңгуір кемеден атылады және ядролық оқ тұмсықты тасымалдайды. Бұған дейін Пиоңяң (Пхеньян) жаңа, заманауи қаруларды дамытып жатқанын жар салып, Құрама Штаттарды «басты дұшпан» деп мәлімдеген еді.
Солтүстік Корея ресми ақпарат құралдары жария еткен суреттерден ауыр әскери тасымал көліктеріне тиелген қара және ақ түске сырланған баллистикалық зымыранды көруге болады. Оңтүстік Корея мен АҚШ эксперттері оны Солтүстік Кореяның бұған дейін көрсеткен зымырандарына салыстыра отырып, сараптама жасаған. Нәтижесінде оны Солтүстік Кореяның жаңа баллистикалық зымыраны деп тұрақтандырды.
Былтыр қазан айында өткен әскери шеруде Пиоңяң өзінің ең үлкен құрлық аралық баллистикалық зымыранын көрсеткен болатын. Бұл рет ол зымыран көрсетілген жоқ. Дәл осы ядролық оқ тұмсықты зымыран АҚШ-тың үрейін ұшырады, оны жасаудағы Солтүстік Кореяның табысқа жетуі эксперттерді таң қалдырған болатын.
Өткен аптада КХДР билік партиясының отырысында ел лидері Ким Жоң Ун (Kim Jong Un) жаңа әрі заманауи қаруларды дамытуға күш салып жатқандарын, оның қатарында су асты кемесінен атылатын баллистикалық зымыран, тыңшылық жасай алатын спутник және алыстан басқарылатын соғыс ұшағы бар екенін мәлімдеген. Сарапшылар КХДР лидерінің бұл мәлімдемесі АҚШ-тың жаңа билігін келісімге шақыруы деп болжаған.
Айта кетсек, бұған дейін Трамп пен Ким үш мәрте кездесіп, келіссөз өткізген. Бірақ, берілген уәделердің арты сұйылып, соңында Уашингтон мен Пиоңяң арасы суып кетті. Себебі, Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартуын аса жоғары бағалап, ол үшін Құрама Штаттарда өздерінің ядролық қаруларынан бас тартуы және Солтүсітк Кореяға экономикалық қолдау көрсетуі керек деп талап еткен. Әрине, бұндай талап Құрама Штаттар үшін мүлде қисынсыз. Себебі, Құрама Штаттарда ядролық қару ғана емес әлемдегі ең үлкен экономика, ең қуатты қарулы күш бар.