Ұлыбританияда шыққан коронавирустың өзгерген түрі Еуропаның 22 еліне тарап үлгерді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бюросының басшысы Ханс Клюге мәлімдеді.

Соңғы аптада жаңа штамм кез келген жастағы адамдардан анықталған. Сондықтан ол бүкіл әлемге тарап, Ұлыбританиядағыдай басты коронавирусқа айналу қаупі бар.

ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге: «Коронавируспен күресте ұжымдық иммунитет маңызды рөл ойнауы тиіс. Бірақ бұл нәтижеге жетпес үшін алдымен вирустың таралуын азайту қажет. Себебі вакцина дертке қаншалықты ұзақ тосқауыл қоя алатыны әлі беймәлім», – дейді.

Желтоқсанның аяғында Ұлыбританияда шыққан коронавирустың өзгерген жаңа түрі Нидерланд, Дания және Австралияда да тіркелді. Мәліметтер бойынша, вирустың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді. Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уитти Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерту жібергенін және шұғыл зерттеу жасалып жатқанын жеткізді. Жаңа штамм алдыңғы коронавирусқа қарағанда адамдарға тез жұғатыны анықталған. Әлемнің көптеген елі корольдікпен әуе қатынасын тоқтатып, бұл елдерден келген адамдарды қатаң тексеруге кірісті.

Қазір Ұлыбритания Еуропа бойынша коронавирустан ең көп зардап шегіп отыр. Кеше корольдік аумағында 62 мыңнан астам тұрғыннан қауіпті инфекция табылыпты. 1 мыңнан астам адам көз жұмған. Бұл өткен жылдың сәуірінен бері болмаған көрсеткіш. Жағдайдың одан сайын күрделене түсуіне байланысты Англия мен Шотландия осы аптада жаңа шектеу шараларын енгізді. Оған сәйкес, тұрғындардың сыртқа шығуына болмайды.

"The Qazaq Times"