Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бейсенбідегі брифингте қаңтар айының аяғына қарай коронавирустың кеңінен таралуына байланысты қалада эпидемиологиялық жағдай нашарлайды деген болжамын бөлісті.
Бекшин ұсынған мәліметке қарағанда, індеттің екінші толқыны басталған былтырғы қазан айынан бері қалада коронавирус жұқтырғандар саны 14 есе өскен.
– Қыркүйкте инфекция жұққан 165 науқас анықталды, қазанда – 360, қарашада – 1399, желтоқсанда 2256 адамға жетті. Қаңтардың алғашқы жеті күні 700-ден аса адам тіркелді. Қаңтарға жасалған болжам бойынша, айдың аяғына дейін 4500-ге жетуі мүмкін, – деді қаланың бас санитар-дәрігері.
Оның мәлімдеуінше, «сары аймақта» енген қаладағы науқастардың 44%-ы қоғамдық орындарда, 28%-ы отбасында жұқтырған. Сондай-ақ, өткен екі аптада вирус жұқтырғаны анықталғандардың 35% – 20-39 жас, тағы 33% – 40 пен 59 жас аралығындағы адамдар.
Баспасөз жиынына қатысқан Қоғамдық денсаулық басқармасының бастығы Нариман Табынбаевтың дерегінше, қазіргі таңда тәулігіне орта есеппен 50 шақты науқас ауруханаға жатқызылып жатыр. Жалпы емдеу бөлімдерінде 1261, реанимацияда 110 төсек-орын бар, тағы 5145 орын резервке дайындалған көрінеді.
Дер кезінде қамдана алмаған қалада «маусым-шілде қырғынында» 72 мобильді бригада жұмыс істесе, бүгін қатары 298-ге жеткізіліпті.
Былтыр 16 желтоқсанда «Centre for Clinical Medicine and Research» ЖШС, «№4 қалалық емхана» және «МИПО»жеке орталығы арасында консорциум құрылған. Нәтижесінде отандық QAZCOV-IN вакцинасын ІІІ фаза деңгейінде, яғни клиникалық сынақтан өткізуге өтінім берген 1,5 мың ересек адамның 909-ы екпе алған.
Алматы қаласында коронавирус жұқтырғандар 19 мыңнан және осыған ұқсас пневмонияға шалдыққандар 5 мыңнан асты.