Financial Times газетінің хабарлауынша, Еуропадағы технологиялық компаниялар мен одақ дипломаттарының Қытаймен нарықтағы байланысы регреске кетуі мүмкін. Бұған себеп – Американың Қытайға енгізген санкциялары.
АҚШ сауда министрлігінің қара тізімінде қытайлық бірқатар компаниялар, соның ішінде «Huawei» корпорациясы бар. Өткен аптаның соңында бұл тізімге телефон құрылғыларын өндіретін SMIC (Semiconductor Manufacturing International Corporation) компаниясы да кірді. Осыдан кейін, Қытайдағы ең озық чипсет жабдықтарын шығаратын голландиялық ASML компаниясы SMIC өнімдерін сатуға тыйым салды.
Вашингтонның санкциялар режимі, «Америка – бірінші!» (Make America great again!) сауда саясатына сәйкес АҚШ-тың жеке және заңды тұлғаларына Қытай компанияларымен байланыс орнатуға тыйым салынған. Бұл өз кезегінде қытайлық нарықтың деградациясына әкеп соқты. Сол себепті басқа мемлекеттер де ҚХР нарығынан кете бастады.
АҚШ-тың зияткерлік меншік құқығына байланысты Қытайға енгізілген санкциялар басқа елдердің өндірушілеріне де әсер етеді.
Желтоқсанның басында ЕО-ға мүше 17 ел Еуропалық комиссияның қолдауымен «процессорлар мен жартылай өткізгіш технологиялар саласындағы еуропалық бастама туралы» құжатты жариялады. Одақтың экономиканы қалпына келтіруге бөлінген 750 миллиард еуро көлеміндегі қаражатының бестен бір бөлігін алдағы екі-үш жылда жартылай өткізгіштер саласына бөлу қарастырылған.
Мамырда АҚШ сауда министрлігі Қытайдағы жалпы саны 33 жекеменшік компаниялар мен үкіметтік ұйымдарға санкция енгізген.
Бірінші қатаң тізіміне ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Сот сараптамасы институты мен сегіз қытайлық заңды тұлға кірді. Уашингтонда оларға «Қытай қуғын-сүргін науқаны барысында адам құқықтарын таптап, этникалық аз ұлттарды жаппай заңсыз ұстап, еріксіз еңбекке күштеді» деген айып тағылды. Министрлік өкілдері атап өткендей, олардың барлығы 2019 жылы қазанда құрылған санкциялық тізімді толықтырады.
Екінші санкциялық тізімге «Ұлттық қауіпсіздікке немесе Құрама Штаттардың сыртқы саяси мүдделеріне қайшы келетін қызметті жүзеге асырды» деген айыппен 24 үкіметтік және коммерциялық Қытай ұйымдары енгізілген. Бұл ұйымдар Қытайда, Гонконгта және Кайман аралдарында орналасқан. Министрлік АҚШ-тан тауарлар мен технологияларды импорттайтын бұл ұйымдар жаппай қырып-жою қаруын және әскери мақсаттағы технологияларды өндіреді деп санайды.
Күні кеше АҚШ «қарулы күштермен байланысы бар» 100-ден астам шетелдік компанияға санкция енгізді. Олардың 45-і ресейлік, қалған 58-і Қытай кәсіпорындары. Сайтта жазылғандай, тізімге енген ұйымдар – Американың халықаралық саясаттағы мүддесіне, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.