Шымкентте қаржы пирамидасына алданған наразы топ президент Тоқаевқа үндеу жариялады.
14 желтоқсан күні Шымкент қаласында қаржы пирамидасына алдандық деген 20 шақты азамат Абай саябағына жиналып, биліктен мәселені шешіп беруін талап етті. Қолына «Халықты тонаған «Гарант 24», «Выгодный займ», «Президент өзге елге көмектескенше өз еліңді жарылқа!», «Құқықтық мемлекетте қаржы пирамидасы кең етек жайды...», «% алып тастап халыққа көмектессін» деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.
Жиналғандар арасында қаржа пирамидасына 1 млн 200 мың теңге көлемінде ақша салып қайтара алмай қалған Руслан Доспанбетов осындай қылмыстық топтардың халықты ашық түрде алдауына мүмкіндік беріп отырған мемлекетті айыптады. Ол кейбір азаматтардың қаржы пиармидасына ақша салу үшін банктен несие алғанын және қазіргі жағдайы қиындағанын, қарызын қайтара алмай қайтыс болғандары да бар екенін жеткізді.
Наразы топтың атынан жазылған үндеуді қаржы топтардың біріне алданған салымшы Марат Сәлімбаев оқыды. Үндеуде «Гарант 24», «Выгодный займ», «Эстейт» осы сынды қаржы пирамидаларының жұмыс істеуіне қай мемлекттік мекемелер рұрсат бергенін және кім көмектескенін анықтау талап етілген. Сонымен қоса үндеуде салымшалардың ақшалары қайтарылмаса, жалпыхалықтық митингіге шығатыны айтылды. Үндеу оқылғаннан кейін жиналғандар «ақша қайтарылсын!», «талап етеміз!», «Назарбаев, Тоқаев елге көмек беріңдер!» деп айқайлады. Бұған дейін осы сынды наразылықтар елдің әр өңірінде өткен.
Шымкент қалалық полиция департаментінің дерегіне қарағанда республика бойынша «Гарант 24», «Выгодный займ», «Эстейт» қаржы пирамидасына алданған салымшылардың ісін ішкі істер министрлігі тергеп жатыр. Шымкентте 2 мыңнан астам адам қаржы пирамидасына алдындық деп арыз түсірген.
Әр жыл сайын тек атауы өзгерген түрде пайда болып халықтың ақшасын жымқыратын қаржы пирамидасы тыйылмай тұр. Заңгерлердің сөзінше көбіне мұндай істер алаяқтық бабымен тіркелген күйінде қалып қояды.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда соңғы бес жылда « қаржы пирамидасын құру және басқару бабы бойынша 555 іс тіркелген. Осы уақыт аралығында шығын көлемі 13,6 млрд теңге қаржыға жеткен.