Наурыз айынан бастап елде барлығы 7 мыңнан астам бала ауырған. Оның 5,2 мыңына коронавирус жұқса, қалған 1,8 мың бала коронавирус пневмониясына шалдыққан дейді департамент басшылығы. Бірақ вице-министр Ажар Ғиниятқызының мәліметі мүлдем басқаша. 

Министрлік қарамағындағы Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бастығы Азамат Дүйсенов редакцияның сұрағына берген жауабында коронавируспен 5265, оның пневмониялық түрімен 1810 бала ауырғанын жеткізді. Халықаралық аурулар жіктелімінде «U07.2» кодымен белгіленетін КВИ- немесе коронавирус пневмониясының жиынтық есебі айтарлықтай аз болуы жаңа форматтағы ресми статистиканың 1 тамыздан бері жүргізілуіне байланысты.

Тамыз айында 808 баланың өкпесі қабынғаны анықталған. Кейінгі үш айда жасына толмаған 168 сәбиден ПТР талдауы теріс көрсеткенімен, коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Тамызда – 76, қыркүйекте – 58, ал қазан айында – 34 нәрестенің «КВИ-» ауруына шалдыққаны хабарланған. Министрліктің жедел деректер қорын ұйымдастыратын Ақпараттық жүйенің дерегінше, маусым-шілде айларында жиыны 3 мыңнан артық баладан коронавирус табылған. Қазан айында коронавирус жұққан өскіншектердің қатары қыркүйекке қарағанда еселенген. Мамандар мұны оқу жылы мен эпидемия маусымының басталуымен түсіндіреді.

Дегенмен коронавирус пневмониясына шалдыққан балалар туралы дерек вице-министр Ажар Ғиниятқызының редакцияға берген жауабымен қабыспайды. 20 қазан күнгі министр орынбасарының жауабында «1 тамыздан 13 қазанға дейін коронавирустық инфекция 27 709 адам сауығып шыққанын, оның 4058-і бала екенін» баяндаған. Осы хаттағы сандарға қарағанда, айыққандардың 1130-ы жасына толмаған сәби, 258-і 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірім. Әлі жазылып шықпағандарды есепке алғанда пневмониямен ауырған балалардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.Бір министрліктегі департамент бастығы мен вице-министрдің дерегі екі түрлі. Бір индикаторға қатысты көрсеткіштің әртүрлі болуын министрліктің баспасөз қызметіне сұрап көрдік. Жауап берілген бойда ақпаратты толықтыратын боламыз.

Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының редакция сұрағына берген №01-1-07/7787 жауап хатынан үзінді. Фото: хаттан фрагмент

15 қарашадағы жағдай бойынша, коронавирустан ауырып жатқан 9162 адамның 458-і бала. Ал коронавирус пневмониясына шадығып, емделіп жатқан 10 617 науқастың нешеуі кәмілет жасына толмағанын білу әзірге мүмкін емес. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі КВИ- диагнозы туралы ақпаратты жариялауды әлі күнге дейін жүйелей алмаған. Бұл коронавирус жұққаны ПТР тесті арқылы расталған мәліметтер санаты сияқты толық әрі нақты емес.

“The Qazaq Times”