13 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде белгілі баспа ісі және полиграфия саласының қайраткері, библиограф-ғалым, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының доценті Қоңыр Мұқатаеваның 70 жылдығына арналған «Баспа, полиграфия және web-технологиялар жүйесін оқыту-зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция болып өтті. Конференция жұмысына танымал ғалымдар мен баспагерлер қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда бүгінгі таңдағы баспа ісі саласындағы ең өзекті деген мәселелер ортаға салынды. Қазіргі қазақ кітабы, баспалардың тағдыры, оны зерттеу нысанына айналдыратын ғылыми-зерттеу айналымының жай-күйі, техникалық-технологиялық күрделіліктер, кітап саудасы, оқырманға кітап жеткізу құндылықтары «Баспа, полиграфия және web-технологиялар жүйесін оқыту-зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясының басты тақырыбына айналып, оны шешу тетіктері қарастырылды. Осы саладағы ғалым-ұстаз, библиограф-редактор Қоңыр Мұқатайқызының еңбегі негізгі тиекке алынып, қайраткер тұлғаның кітап ісіндегі 45 жылдан астам еңбегі қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Іс-шара барысында сөз алған «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен жазушы, баспагер-редактор Тұрлыбек Мәмесейіт, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универсиетінің профессоры Алтын Бакраденова, «Алматыкітап» баспасының бас редакторы Альмира Сужикова және факультет ғалымдары қазіргі кітап ісіндегі ахуал төңірегінде пікір білдіріп, мерейтой иесіне өз лебіздері мен сый-сияпаттарын тарту етті. Бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері Қоңыр Мұқатайқызы «Тіл жанашыры» төсбелгісімен және «ҚазҰУ-ға 85 жыл» құрмет белгісімен марапатталды.
Алқалы отырыста биылғы Қазақстан баспа ісінің 100 жылдығында Ұлттық баспа күнін белгілеу мәселесі де күн тәртібіне шығарылып, шығармашылық баспагерлік қызметті заманауи бағытта дамыту жөнінде сөз болды. Сонымен қатар, конференция барысында журналистика факультетін 1999 жылғы бітірген түлектердің демеушілігімен ашылған Студенттерге арналған оқу-демалыс алаңының тұсауы кесілді. Бұл «Қайырымдылық алаңының» мақсаты – студенттердің кітап оқуы мен түрлі ақпараттар алмасуына жағдай жасап, қайырымдылық пен ізгілікті бір-бірінің бойына сіңіру.
Конференция соңында баспа, полиграфия және web-технологиялар жүйесін оқыту-зерттеу мәселелеріне қатысты арнайы қарар қабылданды.