«Ала-Арча» мемлекеттик резиденциясында өтіп жатқан отырыста Қырғызстан парламентінің спикері Канатбек Исаев отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол президенттік сайлауға қатыспақ, – деп хабарлайды 24.kg.
Ресми мәлімдемесінде ол: «Алтыншы шақырылымда Жогорку Кеңештің қызметі аяқталып жатқандықтан, мен президенттің міндетін атқарудан бас тартқам. Талас-тартыс болуын қалаған жоқпын. Бірақ парламенттік сайлау уақыты шегерілді. Садыр Жапаров президенттік сайлауға қатысатынын жариялады. Демек, парламенттің төрағасы президенттің міндетін атқарады. Бірақ «Кыргызстан» партиясы мені мемлекет басшысының сайлауына үміткер ретінде ұсынды. Сондықтан төрағалықтан кету туралы шешім қабылдадым», – деді.
Негізінен Канатбек Исаев парламент сайлауынан кейін туындаған саяси дағдарыс тұсында - 13 қазанда Қырғызстан парламентінің спикері болып сайланған еді. Премьер-министр Садыр Жапаровтың легитимдігі жайлы дау туындаған шақта Исаев спикер болып тұрды. Кейін ол президент міндетін атқарудан бас тартты. 16 қазанда Қырғызстан парламенті президент өкілетін премьер-министр Садыр Жапаровқа беруді мақұлдаған.
Қырғызстанда мерзімінен бұрынғы президенттік сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін болды. Орталық сайлау комитетінің отырысында осындай шешім қабылданды. Қазір президенттің міндетін атқарушы Садыр Жапаров президенттік сайлауға қатысатынын айтқан.
Биыл 20 желтоқсанда Қырғыз елінде парламенттік сайлау өтуі керек болатын. Алайда Садыр Жапаров Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау уақытын 21 наурызға шегерді.