Жапон мен қытай қатынасы Шығыс Азиядағы маңызды ел аралық қатынас. Екі елдің мәмілесі өңірдің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтанда халықаралық геосаяси өзгерістер кезінде әлем елдеріндегі саяси сарапшылар Қытай-Жапония қатынасына назар аударып отырады. Оған себеп көп, екі елдің тарихи қайшылығын айтпаған күннің өзінде, әлемнің екінші және үшінші экономикасын иелеп отырған бұл елдердің мәмілесі көптеген елдерге ықпал етпей қоймайды.

Жапонияның жаңа үкіметі АҚШ-Қытай қайшылығының тұсында билікке келіп жатыр. Ұзақ жылдық одақтасы АҚШ пен тығыз сауда қарым-қатынасындағы Қытайдың арасында жаңа үкімет елдің ұлттық мүдделеріне орай Уашингтон мен Бейжіңнің тепе-теңдігін сақтап қала ала ма деген сұрақтар тууда. Бейжің де қазіргідей халықаралық қарсылықтар тұсында өзінің маңызды сауда серіктерінің бірі Жапониямен мәмілені шыңдап, келісімдерді тиянақтағысы келген. Сол мақсатта Қытай басшысы Ши Жинпиң Жапонияға сапарлай барып, сауда-экономикалық келісімдерді шегелеп қайтпақ болған. Бұл сапарында тіпті,  «Бесінші жапон-қытай саяси құжатына» қол қойылып, екі ел маңызды ынтымақтастық келісім жасауы да мүмкін деген болжамдар да айтылып еді.

Алайда, Қытайда басталған жаһандық індетке байланысты Қытай басшысын Жапонияның дәмі тартпай қалды. Көктемге жоспарлаған сапары жазға, жаздан күзге, енді міне келер жылға қалып отыр. Оның үстіне Қытай басшысының Гонконгта жаңа ұлттық қауіпсіздік заңын жүзеге асырып, демократияны тұншықтыруы және Шыңжаңдағы әрекеттері Жапонияда Ши Жинпиңге деген ішкі наразылықты өршіткен. Осының бәрі қабаттасқанда кейбір сарапшылар Қытай басшысының Жапония сапары ешқашан жүзеге аспайды деп те жорамалдаған.

Міне осындай кезде жапондық  Asahi Shimbun басылымының тілшісі Қытайдың Жапониядағы елшісі Коң Шюанюден сұхбат алған екен. Ол сұхбатта жапон-қытай, Қытай-АҚШ және Гонконг пен Шыңжаң мәселесі туралы өз пікірін білдірген. Қытай елшісі Бейжіңнің Қытай басшысының Жапония сапары жайында диалогты жалғастыруға дайын екенін айтты. Оның айтуынша  тараптар ең қолайлы уақытты таңдағанда ғана Қытай басшысының сапары сәтті өтеді және екі ел қалағандай келісімдерге қол жеткізеді. Сондай-ақ, екі елдің басшылары жаңа дәуір талаптарына сай келетін қытай-жапон қарым-қатынасын құруды ілгерілету бойынша маңызды консенсусқа қол жеткізгенін, «Бесінші жапон-қытай саяси құжатында» екі елдің ұзақ мерзімдік ынтымақтастығын негіздеуді жоспарлап отырғанын айтқан.

Осы арада айта кетейік, Токио мен Бейжің бұған дейін төрт келісімге қол қойған. «Бірінші саяси құжатқа» 1972 жылы қол қойылды, онда екі ел дипломатиялық қарым-қатынасы қалпына келтіріліп, жауласуды тоқтатқан,  Жапония «Бір Қытай» принципін мойындап, Тайуанды дербес ел ретінде танымайтын болған, есесіне Қытай соғыс шығынын талап етпейтін болып келіскен. Одан кейін 1978 жылы «Бейбітшілік пен достық туралы келісім», 1998 жылы «Қытай-жапон бірлескен декларациясы» (Бейбітшілік пен даму үшін достық және ынтымақтастық серіктестігін құру туралы бірлескен декларация) және 2008 жылы қол қойылған «Кешенді алға жылжу туралы» құжаттарға қойылған.

Қытай елгісі Коң Дяоуйдау (жапондар Сенкаку аралы деп атайды) сынды екі ел ортасындағы нәзік мәселеде қоғамдық пікірлердің үкіметтер арасындағы байланысқа кері әсер етпеуін үміт еткен. Ал, Гонконг мәселесінде Қытай елшісі «Ұлттық қауіпсіздік заңы іске асырылғаннан кейінгі төрт айда Гонконгтағы жағдай тұрақталып, әлеуметтік тәртіп біртіндеп қалпына келді» деп Бейжіңнің қадамын қорғаштаған.

Ал, Шынжаң мәселесінде де Коң Шюаню: «Шыңжаң мәселесі соңғы кезде әлем назарын аударды, себебі кейбір шетелдік ақпарат құралдары ондағы «білім беру және оқыту орталықтарының» құрылғаны туралы фактілерді бұзып, оларды қаралап көрсетті», – деген. Алайда, Бейжің «Оқыту орталықтары» деп атаған лагерлерде миллионнан астам аз санды ұлт өкілдері ерікінен тыс қамалғанын БҰҰ да растаған.

Жапониядағы Қытай елшісінің бұл пікірлері Бейжіңнің халықаралық наразылықтар мен пікірлерді қайырып қойып, өзінің жасағанын ақтауға ғана көңіл бөлетінін білдірсе керек.

“The Qazaq Times”