Таулы Қарабақ тақырыбына Иран да араласқысы келеді. ИИР сыртқы істер министрі Жевад Зариф алдағы уақытта Таулы Қарабақ жанжалын шешетін жаңа ұсынысты ортаға салмақ.
Зариф ирандық телеарнаға берген сұхбатында Қарабақтағы қақтығысты тоқтатып, тараптарды бітімге келтіретін жаңа жоба дайындап жатқанын айтты. Ол аталған ирандық жобаны тараптарға жеткізу үшін өзінің орынбасары Аббас Еракчи Ереван мен Бакуге сапарлай баратынын да айтқан.
Таулы Қарабақта қарулы қақтығыс басталған кезде Түркия белсенді араласуға ниет байқатты. Кейін Ресей тараптарды Мәскеуде отырып сөйлесуге шақырды. Кремль ара ағайындық еткен келісім басталмай жатып бүлінді. Бұдан соң әзірбайжан мен армянды татуластырмақ болып Уашингтон екі елдің СІМ басшыларын шақырған. Онда да қол қойылған келісім баянды болмай шықты. Енді міне Иран өз жобасын тастап көрмек.
Иран Таулы Қарабақ мәселесіне сәл қарай қоймайды. Иранның бұл жердегі күйі Қазақстанның жағдайына келетіндей. Бір жағынан мұсылман бауырлас әзірлердің Таулы Қарабақты өзіне қаратып, Ресей бас болған ұйымдардың жансыздана түскенін қалайды. Енді бір жағынан, Арменияның аз уақыт болса да Әзірбайжан мен Түркияны шекараластырмай, ортасынан қақ бөле тұрғанын, тілейді. Оған қоса Ирандағы басым көп халық санына ие этникалық әзірбайжандардың да тақырыбы бар. Сондықтан да Теһран билігі Таулы Қарабақ мәселесін өз мүддесіне ыңғайлауға әрекет етері сөзсіз.