АҚШ пен Үндістан дипломатия және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты барған сайын дамытып келеді. Бұл қадамдар Бейжіңнің арта түскен ықпалына қарсы жасалған шаралардың бір парасы. Екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы тығыз байланыстан тыс, Қорғаныс министрліктері де жең ұшынан жалғаса түсті. Айталық, кеше СІМ басшыларынан бұрын қорғаныс министрлері оңаша кездесті.
АҚШ-Үндістан арасындағы байланысты дамытушы басты бағдарлама «2+2» деп аталады. Онысы екі Сыртқы істер және екі Қорғаныс министрліктердің байланысын дамыту дегенді білдіреді. 26 қазан Жаңа-Делиде «2+2» кездесуінен бұрын Пентагонның қазіргі басшысы Марк Эспер мен үнді қорғаныс министрі Режнат Сиңх (Rajnath Singh) кездесті. Бұл кездесудің нәтижесінде америкалық және үнді әскери күштері арасында маңызды бірқатар келісім жасалды. Келісім «Жедел қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпарат алмасу» туралы міндеттемелерді де қамтыды.
Айта кетейік, бұл Эспердің АҚШ-Үндістан арасындағы «2 + 2» кездесуіне екінші рет қатысуы, екі ел осындай үш диалог өткізді.
АҚШ қорғаныс министрі Эспердің айтуынша үнді-америка қорғаныс ынтымақтастығынан көп үміт күтуге болады, тараптар әр түрлі қызметтер арасындағы ынтымақтастықтан тартып, қауіпсіздіктің коммуникациялық мүмкіндіктерін жақсарту және логистикадағы өзара байланыстарды нығайту секілді бірқатар бағытта өнімді қызмет жүргізіп жатыр.
Бұл рет АҚШ пен Үнлістан «Негізгі алмасу және ынтымақтасты туралы» келісімге қол жеткізді. Алда екі Қорғаныс министрлігі арасындағы ақпарат алмасуды кеңейтпек. Келісім ішінде, «қорғаныс қажеттілігін жедел дамыту», «дамып келе жатқан технологиялар саласындағы серіктестікті ілгерлету», «жаһандық қауіпсіздік сын-қатерлерін ортақ шешу» қатарлы тармақтар бар.
Тап осы мәселелер Қытайдың Үнді-Тынық мұхитындағы ықпалын тежеуде екі елдің мүдделі салалары. Кездесу кезінде Қытай тақырыбы ашық айтылмағанымен, үнді-америка стратегиялық серіктестігін арттырудың басты мақсаты – Қытай қатеріне ортақ жауап беру.
АҚШ-Қытай, Үндістан-Қытай қатынасы қысқа уақытта нашарлап, шиеленіс қауіпті деңгейге жақын тұр. Осы кезде АҚШ пен Үндістан арасында қарым-қатынас жедел дамыды. Кезекті «2+2» келіссөзінен бұрын америкалық сарапшылар АҚШ-Үнді қатынасы осы ғасырда демократияны қорғаушы елдер үшін ең маңызды қарым-қатынас деп бағалаған болатын.