АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған тұста, мемлекеттік хатшы Майк Помпео Оңтүстік Азия елдеріне сапарламақ. Помпео 25-30 қазан күндері Үндістанға, Шри-Ланкаға, Мальдив аралдары мен Индонезияға баруды жоспарлап отыр.

Бұл сапарды Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы Қытайдың геосаяси және экономикалық сын-қатерлеріне қарсы іс-қимылдар деп түсінген жөн. «Мен сапардың әр аялдамасында екіжақты мәселелердің кеңеңтілген деңгейде талқылайтын боламын, сондай-ақ, Үнді-Тынық мұхиты аймағының еркіндігі мен ашықтығын сақтау бойынша ынтымақтастықты қамтамасыз етудің ең жақсы жолын іздеу үшін осы елдермен жұмыс істейтін боламын», – деген Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде Оңтүстік Азия сапарының мақсаты туралы кеңірек тоқталды. Ол ҚКП-ның күн санап артып келе жатқан ықпал-қатерлеріне қарсы Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы еркін елдерді Құрама Штаттар жағында күресуге шақыратынын жеткізген.

Анығында, Помпео Оңтүстік Азия сапарын бұдан бір ай бұрын жасауы керек еді. Жоспарлы сапар Трамптың коронавирус жұқтырып алғанына байланысты кері шегерілген болатын. Бұл сапардағы ең маңызды аялдама – Үндістан. Үндістан сыртқы істер және қорғаныс министрлерімен кездесіп АҚШ-Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдете түспек.

Қазіргі таңда Қытай мен Үндістан арасында қайшылық күшейіп тұр. Қытайда бастап тараған індет үндістандықтарды ауыр шығынға батырды және Қытайға деген ашу-ызаны өршітті. Оған қоса шекара жанжалы Қытайға деген экономикалық, саяси, әскери қарсылықты одан әрмен ұлғайтты. Бұл тұста Құрама Штаттар Қытайға қарсы Үндістанды дер кезінде өз одағына тартуға күш салып отыр.

“The Qazaq Times”