Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елде саяси жағдай тұрақталса, қызметінен өз еркімен кетуге дайын. Бұл туралы Азаттык Үналгысы хабарлады.
Үкімет басшысы болып тағайындалған Садыр Жаппаровтың мәлімдеуінше, президент биліктен ың-шыңсыз кеткісі келетінін білдірген. Халыққа кезекті үндеуінде Жээнбеков: «Қазір бастысы – мемлекеттің тұтастығы. Осы мақсатта қажетті шешімдер қабылдауға, импичмент мәселесін талқылауға дайынмын», – деді.
Қырғызстан парламенті 2 күн бұрын Жээнбековке импичмент жариялау мәселесін қарауға кріскен. Парламентте кворум болуы үшін 60-тан астам депутат болуы қажет.
5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін саяси партиялардың митингі өтті. Олар 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тауып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Кейінірек бұл акция демонстранттар мен құқық қорғау органы қызметкерлері арасындағы қақтығысқа айналды. Ресми мәліметтер бойынша, қақтығыстан 1000-ға жуық адам жарақаттанған.
Сол күні наразы топ қамауда отырған бірқатар саясаткерді түрмеден босатып алды. Олардың қатарында Қырғызстанның парақорлық айыбымен 11 жылға сотталған бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы депутаттары Равшан Джеенбеков және Садыр Жапаров бар.
Айта кетейік, Сооронбай Жээнбеков – Қырғызстанның бесінші президенті. Ол 2017 жылы қазанда конституцияға сай мерзімде президент болып сайланған. Жалпы Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елде төрт президент ауысып, оның екеуі шетелде бас сауғалауға мәжбүр болған.