Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмония түрін жұқтырған 4,5 мыңға жуық медицина қызметкеріне және қайтыс болған 45 кадрдың туыстарына мемлекет тарапынан өтемақы төленгенін хабарлады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан пандемия басталғалы бері 4494 медқызметкерге 2 млн, ал қызмет барысында ауырып-қайтқан 45 адамның туыстарына 10 млн теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем берілген.
Өтемақы төлеу туралы шешімді өңірлер мен үш мегаполистің денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссия қабылдайды. Ал өтінімдерді жинақтауды Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады. Мамандар өтінім тіркеу және рәсімдеу механизмінің жетілмегенін, жекелеген істер баяу қаралатынын айтады.
COVID-19 вирусын жұқтырған және оның асқынған түрі пневмонияға шалдығып, төлем алған медқызметкерлердің аймақтардағы саны:
- астанада – 905,
- Алматы қаласында – 499,
- Қарағанды облысында – 409,
- Шығыс Қазақстан облысында – 388,
- Атырау облысында – 336,
- Ақмола облысында – 329.
Пандемия басталғалы бері Қазақстанда мыңдаған медқызметкер вирус жұқтырған, 180-нен астамы өмірден өткен. Бірақ билік олардың бәріне бірдей өтемақы бермейді. Қызметтен тыс кезде жұқтырғандарды сұрыптап қарайды. Сарапшылар талғау-тексеру тетігі өтемақыны азайтудың амалына айналды деп санайды.
Құқықтық талап бойынша науқастан медқызметкер ауырғанын дәлелдеуге кемінде 40 құжат жинауы қажет. Жергілікті комиссиялардың жұмысы баяу. Қазан айының басындағы ресми дерекке қарағанда, Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған, оның 8333-і қызмет барысында ауырған. Үкімет басшысы Асқар Маминнің 4 қазанда ұсынған мәліметінше, қазіргі таңда эпидемияға қарсы 46 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған. ДенМин мен ЕңбекМин қыркүйек айының аяғына дейін өтінімді тіркеу және төлем тағайындау жұмысында сылбыр болғаны үшін өткен аптада парламент депутаттары және қоғам тарапынан сынға ұшыраған.