Сарапшылардың пікірінше, реакцияшыл Қырғызстан «үшінші революцияны» өткеріп жатыр. Парламент сайлауын «әділ әрі ашық» өткізе алмаған билік пен ОСК қорытындысына наразылар екі күннен бері бас көтеріп, қарсылық білдіруде. Сағаттап сыртта тұрса да талабына жауап таппаған бейбіт митинг қатысушыларының әрекеті қақтығыс пен жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Елдік даудың басы неден басталып еді?
Қырғызстан ОСК-нің 4 қазан күні өткен парламент сайлауы туралы болжалды есебіне сәйкес, жеті пайыздан жоғары дауы жинаған төрт партия парламент босағасынан өткен. Олар: «Биримдик» партиясы – 24,5%, «Мекеним Кыргызстан» – 23,9%, «Кыргызстан» – 8,7%, «Бүтүн Кыргызстан» – 7,09% дауыс жиған.
«Мекенчил» 6,8%, «Республика» 5,8%, «Ата Мекен» 4,0%, «Ыйман нуру» 3,3%, «Бир Бол» 3,0%, «Чоң Казат» 2,3%, «Замандаш» 2,1%, «Социал-демократтар» 2,1%, «Реформа» 1,6%, «Мекен Ынтымагы» 0,6%, «Ордо» 0,2% және «Ауғанстан ардагерлері» 0,1% дауыс берсе, сайлаушылардың 1,8%-ы бәріне қарсы дауыс берген.
«Замандаш» партиясының лидері Жеңиш Молдакматов ОСК-нің жариялаған болжалды нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, дауыс массалық көлемде ашықтан-ашық сатылған, қорытынды сенімсіз. Тіпті ол «Парламентке әкімшілік ресурс пен дауыс сатып алған партиялар келді» деп бағалады. Сондай-ақ, Молдакматов парламентке өтпей қалған партияларды «оппозициялык блокқа бірігуге» шақырды. Осы партия өкілі, Жаза атқару мемлекеттік қызметінің төрағасы Мелис Турганбаев биліктің әділ сайлау ұйымдастыра алмағанын сынап, мұны «Қырғызстан тарихындағы ең лас сайлау» деп атаған.
Іле-шала «Бир Бол» партиясы да «40-50% ашық дауыс ұрланғанын» мәлімдеді. Партия жетекшілерінің бірі Алмамбет Шыкмаматов сайлауға қатысқан 1,9 млн адамның көпшілігі қысымға ұшырады, әкімшілік ресурстан сес көрді деді баспасөз жиынында. Сайлаудың легитимсіз екенін айтып, есебін жоққа шығаруды талап етті.
Дүйсенбіге қараған түні сағат 01:00 шамасында «Ата Мекен» және «Республика» партиялары «олигархиялық-криминал топтардың парламентке кірмеуіне жол бермейміз» деген ұранмен бірлескен баспасөз жиынын өткізді. Олар жақтастары мен елді 5 қазан күні түскі сағат 14:00-ге Бішкектегі Абдылас Малдыбаев атындағы Опера және балет театрының алдына бейбіт жиынға шақырды. «Ата мекен» басшысы Рыскелди Момбеков «қазіргі билік байлар мен базаркомдардың, криминалдың барымтасында қалды, мұндай сайлауға көнбейміз» деді.
Арада көп өтпей «Реформа» партиясы да жарты миллион сайлаушының дауысы күшпен-ақшамен алынғанын сынап, сайлау қорытындысы мен ұйымдастырған билікті легитимсіз деп танитынын хабарлады. Сонымен қоса, 16 партияның ішінде 8-ші орынға тұрақтады делінген «Ыйман Нуру» партиясының ұстанымынша, нәтиже жалған, келіспейтінін кесімді түрде көрсету қажет. Саяси топ лидері Нуржигит Кадырбеков ел өзін «бір жыланға үш-төрт рет шақтырып отырғанын» айтып, наразылық білдірді.
Саяси Кеше күндіз алғашқы қарсылық акциялары Каракол қаласының орталық бөлігінде басталды. Қоғам белсенділері мен бақылаушылар дауыс беру кезінде әділетсіздікке жол берілгенін: көлікпен адам тасып, ақша тарату фактісіне жергілікті сайлау комиссиясы көз жұма қарағанын сынады.
ОСК-нің мәліметіне қарағанда, Қырғызстандағы сайлауға 43 ел мен 33 халықаралық ұйымнан келген 277 бақылаушы қатысқан. 150-ден астам өкілі бар ТМД елдерінің бақылаушылары әдеттегідей бәрі «ашық та әділ өтті» деп бағалаған.
Сайлау бұрмаланды дейтін «Социал-демократтар» партиясы кеше Жогорку Кеңеш пен президент әкімшілігі ғимаратының алдына бейбіт митингке шықты. Партия мүшесі Ирина Карамушкина оппозицияның әлсіздігі, шашыраңқылығы себепті «билік сайлауды өз қалағанындай өткізді» деді. Сайлау учаскелеріндегі заңсыздыққа куә болдық дегендер мұғалімдер бюллетень толтыруға мәжбүр болғанын айтады.
Түске қарай «Реформа», «Мекен Ынтымагы», «Чоң Казат», «Ыйман Нуру» және «Ордо» партиялары бірігіп, Бішкек орталығында наразылық акциясына шығатынын жариялады. Саяси ұйымдар ортақ қарсылық резоюциясына қол қойған.
«Социал-демократтар», «Мекен Ынтымагы», «Чоң Казат», «Реформа» партиялары жақтастарымен Ала-Тоо алаңында митинг бастап кетті. Жүздеген адам жиналған шеруде «Президент кетсін», «Матраимов қамалсын», «Биримдик» кетсін» деген ұрандар айтылды.
Осы уақытта Бас прокуратура сайлау күнгі заңбұзушылықтар бойынша 138 арыз түскенін және 25 іс тіркелгенін мәлімдеді. 13 факт дауыс сатып алу бойынша қозғалған. Тағы бір ақпар, ОСК төрағасының дерегінше, сайлау өткізуге 416 млн сом жұмсалған.
Билік есебі бойынша парламентке шамамен 13 жолдама алған «Бүтүн Кыргызстан» партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров «партия жеңісі жалпы ұлттың, мемлекеттің жеңілісі алдында түкке тұрмайды» деп, құқығы бұзылғандар жағында екенін мәлімдеді. Ол «Жеңдік деуге ауыз бармайды, билік арамдыққа бой алдырды» деді.
Бішкек орталығының екінші жағында «Ата Мекен», «Республика», «Замандаш» және «Бир Бол» партиялары наразылық акциясын өткізді. Онда да «Сайлау жоққа шығарылсын!», «Бандиттер мен жемқорлардың орны түрмеде!», «Күрес басталды!», «Туыстасқан билік Бакиевтен асып түсті!», «Қазір де кеш емес, бірігейік!» деген ұрандар жиі айтылды. Артынша жиналғандар «Қайта сайлау!» деп шерулеткен. Сонымен алғаш «Социал-демократтар», «Мекен Ынтымагы», «Чоң Казат», «Реформа» партиялары бастаған акцияга «Ата Мекен», «Бир Бол», «Республика» және «Замандаш» партияларының жетекшілері мен жақтастары барып қосылды.
Ел президенті Сооронбай Жээнбеков «қолайына келетін» халықаралық бақылаушы топ-миссиялардың өкілдерін шақырып арнайы жиын өткізді. Жээнбеков пандемия жағдайына қарамастан барлық партияларға бірдей жағдай жасай білген ОСК мен Қырғыз Үкіметін мақтай-марапаттай сөйледі. Президенттің сөзін іліп жалғаған бақылаушылар астанадағы қалың наразылықты байқамағандай сыңайда «Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, дауыс беру процесі заманауи техниканы қолдану арқылы ашық әрі таза өтті» деп бағалады.
Көп ұзамай алаңға топтасқан 12 партия, оның ішінде парламент құрамына енген «Бүтүн Кыргызстан» партиясын қоса алғанда, ОСК-дан сайлау қорытындысын жоққа шығаруды талап еткен ұсынымға қол қойды. Бұл кезде алаң маңына әскерилер жұмылдырылып, арнайы техникалар жеткізілген еді. Ішкі істер министрінің орынбасары Алмаз Орозалиев әзірге ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтқан.
Кешкісін сағат 21:00 шамасында жиналғандар парламент және Ақ үй аумағына өтуге тырысты. Мұны саяси лидерлер арандатушылық деп атады. Осыдан соң күштік құрылымдар бейбіт митингке қатысушыларды қуа бастады. Полция жасағы көз жасауратқыш газ, резеңке оқ және дыбыс-жарықты жарылғыш құралдарын қолданып, су шашқан. Наразылар әскерилерді таспен атқылады. Арнайы жасақ пен демонстранттар арасындағы қақтығыс Бішкек орталығында түн ортасына дейін жалғасты.
6 қазанға қараған түні сағат 03:00-те наразылар парламент ғимараты мен президент әкімшілігіне баса-көктеп кірген. Кейіннен мемлекеттік телерадио мекемесін алған.
Таңға таяу наразылардың күшімен МҰҚК абақтысынан экс-президент Алмазбек Атамбаев пен бұрынғы премьер-министрі Сапар Ысқақов босатылған.
Бүгін таңда оппозиция Ұлттық комитет құрғалы жатқанын мәлімдеді.
Үкіметтің Нарын облысындағы өкілі Эмиль Алымкулов, Талас облысының өкілі Марат Мураталиев және Ыстықкөл облысының өкілі Балбак Түлөбаев отставкаға кеткені хабарланды.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі кешелі бері түрлі дәрежеде жарақаттанған 590 адам дәрігерлер көмегіне жүгінгенін мәлімдеді. 150 адам ауруханаға түскен. 13 адам реанимацияда жатыр. Жарылғыш заттың кесірінен екі аяғынан айырылған 19 жастағы жас жігіт Бішкектегі Ұлттық ауруханада қайтыс болған.
Наразылар түс кезінде ІІМ ғимаратын жеке бақылауына алған.
Қазіргі таңда 8 партияның жетекшілері бірлескен Координациялық кеңесі құрылған. Оны «Бутун Кыргызстан» партиясының бастышысы, саясаткер Адахан Мадумаров басқарады. Мадумаров Жогорку Кеңештин алтыншы шақырылымындағы депутаттар кезектен тыс шұғыл жиналып, заңды Елдік Үкімет құрысу қажеттігін айтады.
Сейсенбі түсте Ош және Бішкек қалаларының басшылары отставкаға жіберілді.
Ақпарат толықтырылып отырады