Анадолы өлкесінде түркі жұртының қарашаңырағы саналатын Қазақ елінің ұлы ойшылы Абайдың құрметіне ескеркіш тақтасы қойылған саябақ ашылды.
Қазақстандықтарға атауы жақсы таныс Анталияда 23 қыркүйек күні Абай Құнанбаевтың 175 жылдығының құрметіне саябақ ашылды. Бұл идеяның бастамашысы – Қазақстанның Түркиядағы елшілігі.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, саябақ аумағында ойшыл ақынның құрметіне орнатылған естелік тақтаның ашылуы өткен.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы бауырлас мемлекетке саябақтың ашылуына қолдау білдіргені үшін алғысын білдіріп, халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін жеткізді.
Антальядағы Муратпаша ауданының мэрі Умит Уйсал саябаққа Абай есімін беру қазақ және түрік халықтарының рухани және мәдени жақындығын көрсететін маңызды оқиға екенін сөз етті.
«Абай есімі – түркі әлемін біріктіруші ұлы есімдердің бірі», – деді ол.
Саябақтың ашылу құрметіне концерт ұйымдастырылды, іс-шараға қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін нақышына келтіре орындады.
Қазақ ақынының саябақтағы ескерткіш тақтасының ашылуына Муратпаша ауданының мэрі Умит Уйсал, елдің саяси және қоғам қайраткерлері, Еуразия және Қазақстан достығы мен мәдениеті ассоциациясының төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ, қазақ диаспорасының өкілдері, БАҚ және қала қонақтары қатысты.