Қазақстанда COVID пандемиясы басталғалы бері 12 830 медицина қызметкері ауырып, 197-сі қайтыс болған. Бірақ билік уәде еткен қызметтік өтемақы алғандар саны тым аз.
Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында коронавирус жұқтырған медқызметкерлерге төлемнің уақытылы төленбеу мәселесін көтерді.
«Министрліктің дерегінше, 22 қыркүйек күнгі ақпарат бойынша 12 830 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Еңбек министрлігінің күн сайын таратып жүрген мәліметіне сәйкес, осыған дейін 2 475 – яғни, науқастардың 19 пайызынан ғана өтініш түскен. Ал бірыңғай әлеуметтік төлемді тек 1830 адам немесе 14,3 пайызы ғана алған. Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу жұмысы мүлде нашар. Бүгінге дейін індеттен 197 медицина қызметкері көз жұмса, денсаулық сақтау министрлігінен төлемге тек 38 өтініш қана түскен. Ал өтемақыны алғандар саны небәрі – 25 немесе марқұмдардың 12,7 пайызы ғана», – деді депутат Аманжолова.
Бюрократиядан арылып болмаған үкіметті сынаған депутаттың пікірінше, денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек министрлігінің жұмысы «баяу әрі сылбыр» болғандықтан Тоқаевтың тапсырмасы дер кезінде орындалмай жатыр.
«Денсаулық сақтау және еңбек министрліктері өзара іс-қимыл алгоритімін уақытылы пысықтамаған. Салдарынан осындай проблемалар туындап отыр. Осы айтылғандарды ескеріп, сізден бұл мәселені жеке бақылауға алуды сұраймыз», – деді ол Асқар Маминге жолдаған сауалында.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жақын арада «ескі команданың орнына өзінікін жиып бола алмай жатқан», журналистерге жауап беруге «қолы тимейтін», есесіне блогерлермен сұқбаттасуға уақыт тауып, ұшып келе алатын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы мәселе бойынша мәжіліске шақырылатынын айтты.