Қазақстандағы 3 мыңдай оқу ошағында офлайн білім беріп жүрген мұғалімдерге коронавирус жұға қалған жағдайда мемлекет тарапынан ешқандай өтемақы төленбейді.
Мектепке дейінгі және бастауыш сыныптары оқитын 3 мыңдай мектепте офлайн форматта білім беріліп жатыр. Бұл елдегі мектептердің 43%-ы. Білім вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, оқушылардың 70%-ы қашықтан оқуда. Сондай-ақ, техникалық құралға мұқтаж 435 мың оқушыға компьютер таратылған.
347 мың мұғалім жаңа оқу жылы қарсаңында дайындықтан өткеніне қарамастан, байланыс платформаларында келеңсіз жағдайлар болғанын мойындады. Ресми өкіл аталған факті бойынша шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.
«Министрліктің ұстанымы бойынша, штаттық режимде істеуге мұғалімнің келісімі алынады. Егде жастағы мұғалімдерге офлайн оқытуға рұқсат етілмеген. Мұғалімдерді жан-жақты қолдайтынымызды бірнеше рет айтып келеміз. Қазақстан қоғамында тек мұғалімдер ғана жұмыс істеп жүрген жоқ. Сондықтан мұғалімдерді жеке дара бөліп алып қарастыру дұрыс емес шығар деп есептейміз. Бірақ ведомство педагогтердің мәселелерін жан-жақты қарастыратын болады», – деді Шолпан Каринова бүгін брифингте.
Қазақстанда мыңдаған педагог мектеп қабырғасында білім беруде. Алайда әлі күнге дейін індеттің беті қайтқан жоқ. Керісінше, Үкімет құрамы күзгі толқынға дайындық жүргізіп жатыр.