Алматыда Ащысай ауылында кісі қолынан қайтыс болған Нұрлан Ахметовтың ісіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға публицист Марат Тоқашбаев, қоғам қайраткері Ырысбек Сәрсенбайұлы, белсенділер Сағидолла Мергенбаев пен Қыдырәлі Ораз және адвокаттар Жанар Балғабаева мен Ғалым Нұрпейісов қатысты.
Ырысбек Сәрсенбайұлы Нұрлан Ахметовтың қазасын 2007 жылы болған қазақ-шешен қақтығысымен байланыстырады және болған оқиғаны террорлық қылыс деп есептейді.
«Ащысайда Нұрлан Ахметов бауырымызға жасалған қастандықты ешқандай ақылға сыймайтын қылмыс деп бағалауымыз керек. Оны үйінің қасында тоғыз жерден пышақтап, азаптап өлтірген. Бұған қатардағы жай қылмыс немесе ұлтаралық қақтығыс деп қарауға болмайды. Дегенмен бұл істе қазақ-шешен қақтығысына байланысты сөздер айтылады. Бірақ бұны тек осы екі ұлтқа тіреп қоюға келмейді. Осының басын ашып алайық. Мен өз басым бұны террорлық қылмыс деп есептеймін... Бұның барлығы 2007 жылғы оқиғадан басталады. Бұны шешен диаспорасының өкілі Махмахановтар әулеті жасаған әрекет емес пе? деген күдік бар», - дейді Сәрсенбайұлы.
Ырысбек Сәрсенбайұлы Нұрлан Ахмтовтың өлімінен бөлек, 2007 жылы болған қазақ-шешен оқиғасын тағы бірнеше қылмыспен байланыстырады.
«2002 жылы Алматы қаласында Нұрлан Тұрысовты әйелімен бірге үйінде атып кетті. Сол жерде табылған ТТ пистолетінің гильзасы Казаткомда табылған оқпен сәйкес келіп отыр. Демек, оның бұл қылмысқа қатысы бар ма? Бар. Тағы бір қылмыстың журналист Оралғайшамен қатысы бар. Ол кісі Қазақмыспен байланысы бар істі зерттеп Алматыға келген. Өйткені Махмахановтардың біреуі сол жақта (Қарағандыда-ред) адам өлтіруге қатысы бар деп ұсталған. Бірақ іле-шала осы жаққа үй қамаққа жіберілген. Журналист осыған байланысты мақала жазды. Кейіннен жоғалып кетті. Артында бір қызы қалды. Тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Тірі болса бір жерден шығар еді. Оны да өлтіріп кетуі әбден мүмкін. Мына қылмысты қарау кезінде осы оқиғаларға назар аударылуы керек деп қоғамдық комиссия мүшелері талап қойып отырмыз...», - дейді Сәрсенбайұлы.
Баспасөз мәслихаты барысында комиссия мүшелері Нұрлан Ахметовтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істің қалай жүріп жатқанын білмейтіндерін, әлі күнге дейін құзырлы органдар тарапынан ешқандай жауап алмағандарын айтты. Жиын соңында белсенділер аталмыш іске байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен шешен диаспорасының өкілдеріне ашық хат жолдайтындарын мәлімдеді.
Тамыздың 14-і күні Ащысай ауылында жергілікті тұрғын Нұрлан Ахметов кісі қолынан көз жұмған. Оны тоғыз жерден пышақтап кеткен. Туыстары Нұрланның өлімін 2007 жылы Бәйдібек би ауылында болған қазақ-шешен қақтығысымен байланыстырған. Ахметовқа бұған дейін де бірнеше рет қастандық жасалған.