«Пентагон Қытай Халық-азаттық армиясына қарсы күресуге дайын». Бұндай мәлімдемені АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер жасады. Ол бірер күн бұрын елдегі ең ықпалды басылымның бірі The Wall Street Journal-ға «Пентагон Қытайға дайын» деген мақала жария еткен.
Аталған мақалада Қытай Халық-азаттық армиясының қатері туралы талқылаған. Сондай-ақ, Қытайдан төнетін қауіпке қарсы күресудің үш негізгі бағытын ұсынған. Айталық, одақтастар мен жақын серіктестерді біріктіру; Бейжіңнің үркіту-қорқыту әрекеттеріне ортақ қарсы тұру және барлық елдердің егемендігі мен еркін әрі ашық халықаралық жүйені қорғау.
Марк Эспер өз мақаласында әлем жаңа дәуірге қадам басқанын, бұл еркін әрі ашық әлемдік тәртіп пен Бейжің ұстанған автократия арасындағы жаһандық бәсекелестік дәуірінің басталғанын білдіреді деп көрсетті. Эспердің айтуынша, Қытай жетекшілері әскери іс-қимылды мақсатқа жетудің өзекті тәсілі деп санайды. Ал, мақсаттарының ішіндегі ең маңыздысы – халықаралық тәртіпті өзгерту және әлемде қабылданған ережелерді бұзу екенін айтады.
Пентагон басшысы Қытайдың бұндай қауіпті әрекеттері АҚШ Қорғаныс министрлігін Қытайға жан-жақты жауап қайтаруға және қорғаныс стратегиясын тез арада жүзеге асыруға итермелегенін алға тартты. Марк Эспер алға қойған күрес тактикаларында басымдыққа ие болуды маңызды деп көрсеткен. Айталық, Қытаймен ұзаққа созылатын бәсекеде басымдыққа жету үшін Құрама Штаттар теңіз, әуе, құрылық және ғарыш күштеріне қоса, киберкеңістіктегі бәсекеде де басымдыққа жетуі керек. Аталған салаларда Қытаймен бәсекеге түсе алатын, Қытайды тежей алатын және жеңе алатын қуатқа ие болу керек деп атап көрсетті.
Күрестің екінші бағытына сай, Құрама Штаттар өз одақтастарымен ынтымақтастықты арттыра түседі. Оған қоса үшінші бағытта одақтастары мен өзге де сенімді серіктері арасындағы байланысты күшейтуді қолға алуы керек.
Мақаласының соңында Пентагон басшысы барлық елдерді Қытай Халық-азаттық армиясының қаупін азайтуға ортақ атсалысуға шақырды. «Бостандықты, адам құқықтарын және тәртіпті бағалайтын елдердің АҚШ-тың жағында тұруға шақырамын», – деген лебізін де қосты.