Өткен аптада Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) өзінің кейбір маңызды билік өкілеттерін қарындасы Ким Ио Жоңға (Kim Yo Jong) бөліп бергенін мәлімдеген. Бұған қарап, Ким Ио Жоң болашақ КХДР лидерінің орынын баса ма деген сұрақтар тууда.
Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметі бойынша, КХДР ең жоғары билігінде Ким Жоң Ун қала береді, тек кейін маңызды билік құқықтарын өткеріп береді. Бұны өзіне деген қызметтік жауапкершілікті жеңілдету мақсатында жасаған делінген. Соған сай, Ким Ио Жоң бұдан былай Солтүстік Кореяның сыртқы саясатын белгілейді және АҚШ пен Оңтүстік Корея бойынша сөйлесулердің барлық шешімі соған тиесілі. Осылайша ол КХДР билігіндегі екінші адамға айналады.
Дегенмен, Оңтүстік Корея барлау қызметінің Солтүстік Корея жеріндегі барлық барлау мәліметтері тура бола бермейтінін де ескеру керек. Барлау қызметі өз мәліметтерін жабық есік бас қосуда Парламент мүшелерімен бөліскен. Алайда, парламент мүшелері бұл мәліметтерді журналистерге таратып жіберген.
Оңтүстік Корея барлау қызметінің бұл мәліметтеріне күмән келтіріп отырған эксперттер де бар. Кейбір ақпарат көздері бұған мүлде қайшы мәліметтерді де алға тартады. Айталық, Ким Ио Жоң тамызда өткен КХДР билігіндегі маңызды екі жиналыста да болмаған, осыған қарап оның қызметін төмендеткен деген де сөздер айтылған.
Бірақ, 32 жастағы Ким Ио Жоңның Солтүстік Кореяда тасы өрге домаламаса, төмен тартпайтын адам екені мәлім. Ол былтырдан бері Солтүстік Кореяның сыртқа қаратқан маңызды шешімдерін бірінші болып жариялап келеді. Солтүстіктің оңтүстікке деген мәмілесінің күрт өзгергені туралы да маңызды мәлімдеме Ио Жоңның аузымен айтылып еді. Ол Еңбекшілер партиясы саяси бюросының тұрақты мүшесі және орталық биліктегі маңызды адамдардың бірі.