Соңғы кезде Қытайдың Ішкі істер министрлігінде жемқорлықпен немесе саяси тәртіпке қатысты айыпталған лауазымды тұлғалар көбейді. Шанхай қаласының орынбасар әкімі, Шанхай қалалық Ішкі істер департаментінің (Қытайда Қоғам қауіпсіздік департаменті деп аталады) басшысы Гоң Дау-ан партия тәртібі мен заңын өрескел бұзды деп айыпталып, тергеуге алынған.
ҚКП Орталық комитеті жанындағы Тәртіп тексеру комиссиясының ғаламтордағы ресми парақшасында Гоң Дау-анның қашан тергеуге алынғаны туралы анық мәлімет жоқ. Шанхайдағы мерзімді басылымдарда да 31 шілдеден бері қарай ол туралы ешқандай ресми мәліметтер таратпаған. Ресми басылымдарда оның соңғы рет 31 шілде күні ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жиналысқа қатысқаны туралы мәлімет бар.
Гоң Дау-ән Шанхай қаласы әкімінің 8 орынбасарының бірі. Ол қалалық Ішкі істер департаментін басқара отырып, қоғамдық қауіпсіздік, сот әкімшілігі, тұрақтылықты және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау сынды міндеттері бар. Сондай-ақ, Шанхайдағы қауіпсіздік күштер, түрмелерден тартып Сот полициясына дейін Гоңның қол астына қарайды. Былайшай айтқанда, Шанхайдағы маңызды тоғыз лауазымдының бірі. Ал, Шанхай болса стратегиялық маңыздылығы жағынан орталық қаладан кем емес.
Гоң Дау-ан жыл басынан бері Қытайдың қауіпсіздік қызметінен тергеуге алынған үшінші жоғары лауазымды. Сәуірде ҚКП ОК мүшесі, ішкі істер министрінің орынбасары Сун Лижун де партия тәртібі мен заңды өрескел бұзды деп айыпталып, ҚКП Тәртіп тексеру комиссиясы жағынан тергеуге алынған. Ал, маусымда Чұңчин (Чунцин) қаласы әкімінің орынбасары, ішкі істер департаментінің басшысы Дың Хулин да осыған ұқсас айыппен қамалған. Бұлардың үшеуі де заң мен партия тәртібін өрескел бұзды деп айыпталған.
Бұл Қытай басшысы Ши Жинпиңнің саяси тазалау әрекетін жалғастырып жатқанын анық көрсетеді. Провинциялар мен маңызды қалалардағы қауіпсіздік қызметінің лауазымдыларын құлату әрекеттерінде найзаның ұшы ҚКП Саяси-құқықтық комитетінің бұрынғы хатшысы Мың Жянжуға бағытталған десе де болады. Қытайдағы ақпарат құралдар Гоң Дау-ан мен Дың Хулин және Мың Жянжу үшеуі арасында сыбайластық болғаны туралы мәліметтер тараған. Шанхай қалалық Ішкі істер департаментінің сайтындағы мәліметте Гоң Дау-анның орнына Шанхай қалалық Мәдениет басқармасының бейзаттық мұралар жөніндегі департаменттің жетекшісі қызметіндегі Чын Тоң тағайындалған. Ол Қытай билігінің ендігі иегерлері саналатын «70-шы жылғылар» толқынының өкілі саналады. Бұл Қытайдың билік кландары арасындағы кейбір тартыстардан да хабар береді.