АҚШ Тайуанға (Тайвань) F-16V жойғыш ұшақтарының ең жаңа түрлерін сатып беру келісіміне қол қойды. Келісім-шартқа сай Тайуан аталған жойғыш ұшақтардан 66 данасын сатып алады. Ұшақтардың алғашқылары 2023 жылы жеткізіле бастайды. 2026 жылы келісім толық орындалмақ.

Америкалық және тайуандық сарапшылар бұны аса мәнді саяси қадам ретінде атауда. Яғни, Құрама Штаттар Тайуанның өзін-өзі қорғау қуатын арттыруға қолдау көрсетуінің және Тайуанның қауіпсіздігін қорғау туралы уәделерін орындауға дайын екенін көрсететін қадам ретінде атайды.

Айтса айтқандай, АҚШ пен Тайуан арасында 1992 жылдан бері қарай бұндай ірі көлемде әскери техника алмасуы болған емес. Сол жылы Тайуан Құрама Штаттарда өндірілген F-16 ұшақтарынан 150 данасын сатып алған еді.

Кезекті әскери техника саудасы Құрама Штаттың Тайуан мәселесіндегі соңғы шешімін анық көрсетті десе де болады. Дегенмен, бұл қадам онсызда қырғи-қабақ қарым-қатынасқа бет алған АҚШ пен Қытай арасын одан арман алшақтата түспек. Соған сай, Тайуан бұғазындағы болуы ықтимал соғыс қатерін де күшейтеді. Бейжің тарабы Тайуанды өзіне тәуелді провинция деп қарайтындықтан АҚШ-тың әрекетін арандатушылық деп бағалайтыны сөзссіз.

Бұған қоса, озық соғыс техникаларын Тайуанға сатып беру АҚШ пен Қытай арасындағы қайшылықтың қаншалықты ауыр екенін де көрсетеді. Бейжің мен Уашингтон жақын қарым-қатынаста тұрған уақыттарда АҚШ Тайуанға үлкен көлемде әскери техника сатып бермеген. Және ондаған жылдар бойы Бейжіңнің Тайуан туралы ұстанымдарына жылы жауап беріп келген болатын.

F-16V жаңа түрлдегі соғыс ұшақтарының Тайуанға берілуі Қытайдың әуе және теңіз қорғаныс күштеріне жаңа сынақтар алып келетінін ескеру керек. Әрине, Қытай әуе және теңіз күштерінің қуаты Тайуаннан артық болғанымен, америкалық жаңа соғыс техникаларынан кейін Қытайдың қорғаныс саласын тағы да бекемдей түсуге қаржы аударуына тура келеді. Бұл Қытайдың әскери шығындарын көбейте түспек.

 

“The Qazaq Times”