Арменияда коронавирус індетіне байланысты 2020 жылдың 16 наурызында жарияланған төтенше жағдай режимі 11 қыркүйекке дейін ұзартылды.
Armenpress агенттігінің хабарлауынша, Үкіметтің кезектен тыс отырысында ел премьер-министрі Никол Пашинян осындай шешім шығарған.
Арменияның үкімет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды әлі де күрделі деп санап, халықты босаңсымауға шақырып отыр. Ахуал нашарлауы мүмкін деп қауіптеніп отырған Никол Пашинян: «Елде соңғы уақытта байқалған оң динамика өзімен бірге жайсыз жаңалықтар да әкелді. Азаматтар көрсеткіштердің төмендеуінен эпидемияға қарсы ережелерді сақтамай, талаптарды бұза бастады. Көптеген адамдар «коронавирусты жеңдік» деп те ойлайды. Бірақ бұл мүлдем олай емес!», – деді.
Қаір елде 41 023 адамнан вирус дерегі анықталып, 800-ден астам науқас қайтыс болған. Елде төтенше жағдай режимі енгізілгенмен, шетелдік азаматтардың елге кіруіне рұқсат етіледі. Сондай-ақ белгілі бір тауарлардың экспортына бірқатар шектеулер, митингтер және қоғамдық іс-шаралар өткізу мәселелері қайта қаралмақ.