Президент Тоқаев үкіметтің шешімін қайта қарап, елдегі карантин режимін тағы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

Бүгін президент індеттің аужайына байланысты мәселелерге арналған кеңес өткізді. Шілде айында енгізілген шектеу шараларын тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

«Премьер-министр Асқар Мамин президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29%-ға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63%-ға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген», - делінген осы туралы хабарлаған Ақорда сайтында.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Тоқаевқа инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолын баяндады. Министр Цой 28 шілде күнгі үкімет отырсында 3 тамыздан бастап-ақ карантинді жеңілдете беруге болатынын айтып еді, алайда Ақорда бұған асықпауға шешім қабылдады.

Көрші Өзбекстан елі де 1 тамызда аяқталуы тиіс карантин мерзімін тамыз айының 15-іне дейін ұзартқан.

"The Qazaq Times"