Бірнеше күн бұрын АҚШ, Британия және Канада елдері Мәскеуді коронавирус вакцинасына қатысты мәліметтерді ұрламақ болды деп айыптаған еді. Ал, бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, бірқатар мәселелерді талқылаған. Сөйлесу кезінде жаңа коронавирус індеті және қару-жарақты бақылау келіссөз мәселелері де талқыға салынған.
Екі ел басшысы осыдан бір ай бұрын да телефон арқылы хабарласқан еді. Одан бері де екі ел арасында көптеген даулы мәселелер болып үлгірді. Соның қатарында The New York Times басылы Ресейдің барлау қызметі Ауғанстандағы тәліптерге америкалық әскерлерді өлтіру үшін ақша төлегені туралы жазған мақала да бар. Бұдан тыс, хакерлік шабуыл, спутниктерді жоятын қару сынды екі ел қайшылығын асқындыратын көптеген оқиғалар болып үлгірді.
Дегенмен, телефондағы әңгіме туралы Ақ үй жасаған мәліметте екі ел басшысы бұндай даулы мәселелер туралы сөз қозғамаған. Сөйлесу тақырыбы дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандыру, жаһандық пандемияға қарсы ортақ күрес мәселелері деп түсіндірді. «Екі лидер екіжақты және ғаламдық маңызды мәселелерді де талқылады. Президент Трамп Қытай, Ресей және Америка Құрама Штаттары арасындағы шығыны мол үшжақты қару жарысынан аулақ болғысы келетінін тағы бір рет ескертті. Және қаруды бақылау жөніндегі алдағы келіссөздерден зор нәтиже күтетінін жеткізді», – Ақ үй баспасөз өкілі Джуд Дир.
Кремль мәлімдемесінде, президенттердің «стратегиялық тұрақтылық және қаруды бақылау» мәселесін негіз ете отырып, Иран ядролық бағдарламасы, коронавирусқа қарсы күрес және Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстар төңірегінде кеңескені айтылған.
Маусымда АҚШ, Ресей және Қытай арасында қаруды бақылау туралы үшжақты келіссөз өткізбек болған. Алайда, Бейжің бұл шақырудан бас тартып, қаруды бақылау келісімінен тыс қалатынын байқатты. Ал, АҚШ пен Ресей келіссөз өкілдері де Венадағы кездесуде келісе алмай қайтты. Алдағы жылы ақпан айында тараптар Start деп аталатын жаңа келісім түзуге үмітті.
Бұл келісімнің маңыздылығы туралы айта кетейік. Жаңа стратегиялық қару-жарақты қысқарту туралы келісім – бұл АҚШ-Ресей қару-жарағын бақылау жөніндегі бірден бір келісім. Егер ол кеңейтілмесе, жарты ғасырдан бері АҚШ пен Ресейдің ядролық қаруларын заңды шектеп келе жатқан келісім жоқ болады. Онда «Қырғи қабақ соғысы» жылдарындағыдай державалар арасында қару-жарақ бәсекесі басталады да әлемнің тұрақтылығы аса үлкен қауіпке тап болады. Ресей шартты бес жылға дейін ұзартуды ұсынды, бірақ Трамп бұл ұсынысты қабылдамады. АҚШ тарабы жүйелі әрі кемелді ұзақ мерзімді келісімді қалап отыр.