"Өзге спутниктерді жоятын құрал". АҚШ пен Британ Ресейді осындай аппаратты сынақтан өткізді деп мәлімдеді. Олардың айтуынша бұл аппарат ғарышта ұшып жүріп өзге спутниктерді жоя алады.
АҚШ Ресейдің ғарыштық әрекеттеріне бұған дейін де бірнеше мәрте алаңдаушылық білдірген. Британ билігі алғаш рет үн қосты. Ағылшын парламенті бірнеше күн бұрын осыған қатысты арнайы зерттеу жүргізіп, өз үкіметін Ресейдің ғарыштық әрекеттеріне жетерлік деңгейде назар аудармады деп сынға алды.
АҚШ пен Британияның алаңдауына негіз жоқ емес. Ақпанда Пентагон ресейлік жасанды жерсерігінің (спутинк) америкалық жерсеріктерге жақын ұшып өткенінін мәлімдеді. Бұл Құрама Штаттың ұлттық қауіпсіздік органдарын алаңдатқан. Ал, сәуірде Мәскеу жерден ұшып барып спутникті жоя алатын зымыран сынағында табысқа жеткенін жарияға жар салған.
Соңғы он жылдағы ғарыштық қару-жарақ технологиясында тек төрт ел ғана – Ресей, АҚШ, Қытай және Үндістан спутинктерді жоя алатын технологиясын көрсете алды. Олар негізінен екі түрге бөлінеді, бірі жерден атылатын зымыран болса, екіншісі лазер қаруы.
Ал, Уашингтон мен Лондонның соңғы мәліметіне сенсек, Ресей кеңістікте ұшып жүріп-ақ өзге спутинктерге қауіп төндіретін құралға қол жеткізген. Спутинктер әдетте ауарайын болжауға, мәліметтер топтауға, байланыс түзуге және іздеу технологиясына қолданылады. Егер Ресей бұндай технологияға ие болса онда ғарыш бәсекесінде ырықты бола түспек.
Әлемде АҚШ, Ресей, Британия және Қытайды қамтыған жүзге жуық мемлекет бейбіт мақсатта кеңістікке жасанды жер серіктерін орналастырған. Бұл елдер арасындағы халықаралық маңызды келісім бойынша кеңістікке қауіпті құрал орналастыру шектелген.
Қалай десекте, соңғы жылдарда ғарыш бәсекесінің арта түскені мәлім. Державалардың көздегені Күн түбінде болса да, Жердегі жұмыр басты пенделер үшін бейбітшіліктен артығы жоқ. Алдағы уақытта, шамасы жеткен елдің бәрі құрлық, әуе және теңіз күштері секілді ғарыш күштерін дамытуға ден қоймақ. Құрама Штаттарда бұдан екі жыл бұрын Ғарыш армиясы құрылған болатын.