АҚШ пен Қытай қайшылығы ең түбірлі мәселелерге қарай аунады. Екі жылдан бері сауда қақтығысы шешім тауып үлгірместен, жаңа коронавирус індетінің шығуы мен Уханда тарала бастаған қауіпті індетке Қытай билігінің реакциясы қайшылықты тереңдетті. Бұған Гонконг пен Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытай агрессиясы қосылып, Бейжіңнің қадамдары АҚШ-тың ұстанымдарына қайшы бола түсті. Дәл осы тұста АҚШ Ұлыбританияны Қытайға қарсы күреске бастап шықты.
Дүйсенбіде АҚШ мем. хатшысы Майкл Помпео Лондонға ресми сапармен барды. Ал, кеше Британияның бас уәзірі (премьер-министрі) Борис Жонсонмен күн ұзақ кеңесте болды. Кездесуден белгілі болғандай АҚШ пен Британияның Қытайға қарсы қадамдары үйлесе түсті. Енді тараптар Қытайдың Huawei компаниясының өнімдерін пайдалануды шектеп, Гонконг мәселесіндегі ұстанымдарың бір есе қатаңдата түспек.
Анығында Помпеоның кезекті Лондон сапары тарихи оқиға десе де болады. Бұл өсіп келе жатқан Қытай ықпалына қарсы ағылшын әлемінің (Британия, АҚШ, Канада, Аустралия және Ұлыбританияға қарасты шағын елдер) ашық қарсылыққа қадам басқанын көрсетті.
Тіпті Помпео кездесуден кейінгі баспасөз жиынында Қытай қаупіне қарсы одақ құру жоспарларының бар екенін де аңғартты. "Біз ҚКП-ның күш жігеріне қарсы барлық елдер бірлесе күреседі деп үміттенеміз. Бұл Ұлыбританиядан басқа елдерді де қамтиды. Біз бұл қауіпі сезінетін елдермен жаңа одақ құрамыз деп үміттенеміз", – деді Помпео.
Сарапшылар мен батыстық дипломаттардың пайымдауынша, Бұл рет Уашингтон мен Лондон қытай билігінен келетін қауіптерге қарсы ел білмейтін көптеген келісімге келді. Сапарынан бұрын Помпео кезекті кездесудің маңыздылығын талай рет қайталап айтқан. Былайша айтқанда Помпео бұл кездесуді асыға күтті.
Айтпақшы, Британ бас уәзірімен кездесуде Помпео әлеуметтік ара қашықтықты сақтады. Бірақ, журналистерге: "Әлеуметтік ара қашықтық саяси немесе дипломатиялық ара қашықтықты білдірмейді", – деп астарлы әзілдеді.
Сарапшылар Плмпео кездесуде Британ билігінен Қытайға толық қарсылықты үміт етеді деп қарайды. Бұған дейін Британ билігі АҚШ пен Қытай арасында тепе-теңдікті ұстануға тырысып келген. Бірақ, Huawei компаниясының ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қатеріне келгенде бұл теңдік бұзылды, оған Ұлыбританияның бұрынғы колониясы саналатын Гонконгқа деген Бейжіңнің қатал ұстанымы қосылып, Лондон мен Бейжің арасы мүлде алшақтап кетті.
Помпео Лондонға бар салысымен Қытайдың Британиядағы елшісі шыжақ қағып, Twitter-де мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемесінде: "Біз Қытай-Британ қатынасынан Қытай мен АҚШ қайшылығын көруді қаламаймыз", – деді. Алайда, Помпео мен Жонсон кездесуінен кейін Қытай елшісінің бұл үміті ақталмай қалғаны анық болды.