22 маусымда Қытай мен Үндістан шекара қызметінің жоғары әскери шенділері кездесіп, үнді-қытай шекара қайшылығын шешуге тырысты. Үндістандық сарапшылар осы реттегі қақтығыс әскери және экономикалық шығыны жағынан соңғы 50 жылдағы ең ірі қақтығыс деп бағалаған болатын.
Reuters ақпараттық агенттігі Үндістан үкіметіндегі дереккөздерге сілтей отырып, Қытай мен Үндістан әскери басшылары шекара бақылау сызығында өткен бейсенбіде екі жақты кездесу өткізгенін хабарлаған.
Естеріңізде болса, Қытай мен Үндістан шекарашылары арасында 15 маусымда қақтығыс болып, Үндістан тарабы 20 шекарашының қаза болғанын мәлімдеген болатын. Екі елдің шекарашылары қақтығыс кезінде тастармен, темір және ағаш таяқтармен соққы жасаған. Қытай өз тарапындағы өлім-жітім, жарақат алған әскерлер санын ашық көрсеткен жоқ. Бірақ, Үндістан тарабы көрсеткен мәліметте Қытай шекарашыларынан кемінде 40 адам қаза тапқан болуы мүмкін делінген.
Қақтығыс бойынша Жаңа-Дели мен Бейжің бір-бірін кезек айыптады, бірақ қос тарапта қақтығыстың одан ары ушығуына жол бергісі келмеді. Шекаралық қайшылық ядролық державалар арасындағы қақтығысты өршітіп жіберуі мүмкін еді.
Қақтығыс кезінде үнді мен қытай шекарашыларының оқ атыспауына 1966 жылы қол қойған келісім мәжбүрлеген. Бірақ, Үндістандағы БАҚ-тың хабарлауынша үнді билігі аталған ереже турасында қайта қарауы мүмкін екен. Оған қоса, Үндістанның қорғаныс министрі Н.Сингх жексенбі күні армия генералдарына бұйрық беріп, үнді әскерилерінің «дайын болуын» тапсырған, әрі қорғаныс күштері шекара сызығнда батыл әрекет ететінін ескерткен.
Үндістандық басылымдардың дүйсенбідегі хабарында, Дели билігі Үндістан армиясынан шекараны күзетудің басқа тәсілін пайдалануды талап еткені айтылды. Бұл Қытаймен шекараны бақылауға қатысты екені анық. Сондай-ақ, қазіргі сатте Үндістан шекара әскерилерінің санын көбейтуде.
Шекара қайшылығы Үндістандағы Қытайға деген қарсылықты күшейтті. Елдегі Касіпкерлер федерациясы ұйымы ( құрамында 70 млн кәсіпкер бар) биліктен Қытай тауарларына бойкот жариялауды және Қытай компанияларына берілген коммерциялық келісімшарттардың күшін жоюды талап етіп отыр.