Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннен коронавирус анықталды.
Спикер қазір оқшауланған. Төменгі палата төрағасы карантин талаптарын қатаң сақтап, соңғы айда қашықтан жұмыс істеген. Әрбір пленарлық отырыстың алдында коронавирусқа тест тапсырған.
9 маусымда Нұрлан Нығматулиннің денсаулық сақтау министрімен кездескені мәлім болды. Елжан Біртановтан да коронавирус табылған соң Мәжіліс төрағасы кеше тағы бір мәрте тест тапсырған.
Нұрлан Нығматулиннен анықталған вирус симптомсыз. Қазір ол қашықтан жұмыс істеп жатыр. Ал бүгінге жоспарланған Мәжілістің пленарлық отырысын төрағаның орынбасары өткізбек.
Нығматуллин коронавирус жұққан алғашқы шенеунік емес. Бұған дейін мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, бұрынғы денсаулық вице-министрі Камалжан Надыров, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус анықталды.