Өзбекстанда 11 дәрігер коронавирус жұқтырған. Ал Қазақстанда тіркелген науқастардың арасында шетелден келгендер мен байланыста болғандар да бар.
Қазақстанның ақпарат министрі Дәурен Абаев 26 наурыз кешкісін коронавирус жұқтырған бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Абаевтың сөзінше, қайтыс болған әйел адам астанада емделіп жатқан. Дегенмен әлеуметтік желіде әртүрлі мәлімет тарады. 64 жасында COVID-19 инфекциясынан қайтыс болған марқұм әйелдің үйде болғанын, соңғы бірнеше тәулікте үш мәрте жедел жәрдем шақырғаны жөнінде дерек бар.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада Ақмола облысының 64 жастағы тұрғынының «өлім себебі – екі жақты пневмония, дем жетіспеушілігі, сепсис, қант диабеті, гипертониялық аурулар мен атеросклероз. Ал пневмония себебі – коронавирус» делінген.
Сондай-ақ елдегі алғашқы қазаға байланысты президент Тоқаев Twitter желісіндегі ресми парағына өз пікірін жазды.
«64 жастағы әйелдің коронавирустан қайтыс болуы бұл індеттің аса қауіпті әрі карантинді сақтау өте маңызды екенін көрсетеді. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Елорда мен Алматыда карантин шараларын күшейтіп, Шымкентте шектеулер енгізу жөнінде шешім қабылданды», – деп жазды ол.
27 наурыз марқұмның наурыз тойы кезінде Алматы қаласы мен Шу өңіріне поезбен қонаққа барып қайтқаны белгілі болды. Қазіргі таңда Қазақстанның он өңірінен 124 науқас тіркелген, екеуі ауруынан айығып шықса, біреуі көз жұмды. Дертке шалдыққандардың жартысына жуығы астанадан, елу шақтысы Алматы қаласынан, Қарағандыда төрт, Атырау және Жамбыл облыстарында үшеуден, Шымкентте екі, СҚО, Ақмола және Алматы облыстарында бір науқастан тіркелді.
Қазақстаннан бір апта кейін қауіпсіздік шарасын қолға алып, карантинге қамданған Өзбекстанда да жұма күні таңда алғашқы өлім жағдайы анықталды. Елдің санитар инспекторы Нурмат Атабеков «Наманган аймағының 72 жастағы тұрғыны бұған дейін қант диабеті және жүрек қантамырының жетіспеуімен ауырғанын» хабарлады.
COVID-19 коронавирусын жұқтырған 83 өзбекстандықтың 11-і дәрігер екені белгілі болды. Ташкент билігі қызмет барысында дертке шалдыққан әр дәрігерге мемлекет тарапынан 10 мың доллар көлемінде жәрдемақы берілетінін мәлімдеді.
Бүгіндікке таңнан бері Қазақстанда 11, Өзбекстанда 8 жағдай тіркеліп үлгерді.