Семей қаласының сотының шешімімен он жылдан астам түрмеде Мұхтар Жәкішев бүгін босап шықты.
Бейсенбі күні сағат 10:25-те абақтыдан шыққан Мұхтар Жәкішевті жақтастары мен қолдаушылары күтіп алып, тілеулестігін білдірді.
Бұған дейін 1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын он жылдай басқарған Мұхтар Жәкішев 2010 жылдардың басында екі қылмыстық іс бойынша 14 жылға сотталған болатын. Оның ұзақ жылға сотталуын сарапшылар әртүрлі тұжырды: бірі 2000 жылдары оның экс-банкир Мұхтар Әблязовқа араша болғанын айтса, енді бірі оның уран өндірісінде Ресеймен бақталас болуын алға тартады.
Сарапшылар 2023 жылдың 20 мамырында босатылуы тиіс Жәкішевтің үшінші аппеляциялық шағымын қанағаттандыруы - азаматтық қоғам талабының жемісі десе, тағы бірі «Тоқаевтың ел алдындағы ұпайын түгендеу» әдісі деп санайды. Сотқа Ақтау, Семей, Шымкент, Арыс, Алматы, Орал т.б. қалаларынан қолдаушылар қатысқан еді.
2015 жылы 6 қараша БҰҰ-ның Адам құқықтары комитеті Қазақстанды «Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакті» бойынша, 2018 жылы 15 наурызда Орталық Азиядағы Адам құқықтары қауымдастығы, тағы өзге де құқық қорғау ұйымдары оның негізсіз сотталғанын айтып, биліктен оны дереу босатуын талап еткен. Интеллектуал отбасыдан шыққан Жәкішевті кезіндегі «атом өнеркәсібін дамытқан, кейін Ресей компаниясы қол астына алу үшін жасалған саяси қуғын» деп санайтын азаматтық қоғам өкілдері соңғы кездері ұдайы пикет-митингке шығып, босатуын талап еткен болатын. Десе де Қазақстан соты бұл талаптарға мойын бұрмап еді. 2018 жылдың 28 қарашасында мерзімінің жартысынан көбін өтеуіне байланысты бірінші рет түсірген аппеляциялық арызын Семейдің №2 соты, ал былтыр 24 шілде де аталған сот, 10 қыркүйекте Өскемендегі облыстық сот қатарынан үш мәрте қанағантандырмай тастаған.
2018 жылы мамырда медициналық комиссия қорытындысы бойынша, тұтқындағы Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік диагнозы қойылды. Оның төрт қызы мен ұлы бүгінде ержетіп үлгерген.