Ерте көктемнің елеулі күні, әлем-жарықтың сұлулығын әспеттейтін 8 наурыз – халықаралық әйелдер мен арулар мерекесі. Жазғытұрымның ә дегеннен алғашқы жылы лебі сезілетін атаулы мереке елдің көңілін ыстық лебізге толтырып, шат әсер сыйлайды. Тіршіліктің түлеуіне жақын бұл мезгілде барлық нәзік жандының шалқыған көңілі көктемнің хабаршысы секілді әр жүрекке жылу ұялатады. Бірі анасына, енді бірі әжесіне, жары не әпке-қарындасына, ұстазына арнайылап құшақ-құшақ гүл көтеріп жүрген көпшіліктің жанарынан махаббат пен ілтипат есетін күн.
Халық аузында «Дүниеде үш нұр бар. Біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, ал үшіншісі – ананың нұры» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – қадым замандардан тіршілік атаулының анадан тарайтындығын меңзейтін асыл ұғым іспетті.
Еліміздің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген әрқандай әйелдің өмір жолы – тұнған шежіре. Қоғамның барлық саласында аянбай еңбек ете жүріп, жақындарына жылу сыйлай білетін әйелдер қауымы қандай құрметке де лайық.
Қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен өрнектелген Тұмар ханым, Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана, қолбасшы Бопай ханым секілді тұтас ұлтты тәрбиелеп, халықты қалыптастырып, мемлекетімізді баянды етуге мол үлес қосқан аналарымыздың игілікті ісін бүгінде зиялы, ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтық-қоғамдық белсенділер қатарындағы қыз-келіншектер жалғастыруда.
Осы орайда “The Qazaq Times” ұжымы атынан, Қазақстандағы және әлемдегі барлық әйелдер қауымын бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Асыл аналарымыздың, аяулы әпке-қарындастарымыздың өмірлерінің шуақты нұрға толуын, әр күнінің мерекедей мерейлі болуын тілейміз! Жер жұртшылығының барша әйел затына зор денсаулық, отбасына амандық, баянды бақыт, еңбекте табыс тілей отыра, сайтымыздың оқырманы болған қазақтың қаракөздерін, асыл аруларын және ақ жүректі барша оқырманымен бірге ұжымда қызмет еткен қыздарымыздың да мерекесіне құтты болсын айтамыз!


















Косметикалық жаңару әдеті: «Аманат» пен «Әділетті» қауышуы – саяси жаңару ма, әлде номенклатуралық камуфляж ба?
Ормуз дағдарысы және көпполярлы әлемнің тууы: «Қырғи қабақ соғыстан» да қауіпті жаңа текетірес
Алмасбек Садырбай ісі: Қонаев сотында БАҚ-қа қойылған шектеу күшінде қалды
Алмасбек Садырбай ісі: Ашық сот па, әлде жабық бақылау ма?
Иран әскери элитасының жойылуы: соғыстың жаңа кезеңі
Хаменеиден кейінгі Иран: билік транзиті мен соғыс көлеңкесіндегі ел