Ресей мен Түркия басшылары Мәскеуде бас қосып, Идлибтегі қақтығыс туралы келіссөз өткізді. Екі ел басшылары арасындағы 5 сағат 40 минутқа созылған келіссөзден кейін атысты тоқтатуға келісті.
Ұзақ келіссөз арасында Путин пен Ердоған 3 сағат еркін кеңескен.
Сүрия қақтығысының неден пайда болғанын және Орта Шығыста орыс ұшақтары не үшін жүргенін көзқарақты жұрт біледі. Ал, Идлиб деп аталатын Сүрия топырағындағы әңгіме бәрінен де күрделі. Үйткені, бұл жерде босқындар да, Мәскеу мен Дамаск террористер деп санайтын оппозициялық топтар да, Түркия мен Иран қолдауындағы қарулы топтар да бар. Сүрия ғана емес бұл аумақ Түркия үшін де стратегиялық басым салмаққа ие. Егер бұл аймақта әлеуметтік дағдарыс орнаса ол Орта Шығыс ғана емес жақын Еуропа елдері үшін де оңай шаруа болмайды. Босқындардың жаңа ағымы бірнеше күн ішінде гректерді қаншалықты әуреге салғаны белгілі.
Сонымен, Мәскеу мен Анкара келісімге келді, өткен түннен бастап Идлиб жеріндегі қауіпсіз аймақтарда оқ ату тоқтатылды. Екі елдің президенттері де бұл келісім аймақтағы қақтығысты тежеп, бейбіт тұрғындардың азабын жеңілдетеді деп бағаласты.
Солай болады деп сенейік, бірақ, Сүриядағы орыс пен түрік мүддесін ортақтастыру оңай болмайтыны белгілі. Себебі, екі елде «Сүрия батбағына» белшесінен батқан елдер. Соғыс лаңы әлі өршіп тұрған бұл жерде жеке орыс пен түрік мүддесі ғана емес, сабан астынан су жүгіртіп, өздері бейбітсүйгіш болып танылған талай елдің мүддесі қоздап жатыр.