Түркиялық «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясы Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашу туралы ұсыныс білдірді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлерге Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылынан 12 гектар жер учаскесі берілген. Бұл аумақта қазір зауыттың алғашқы кезеңін іске қосуға мүмкіндік беретін құрылыс нысаны бар.
Аталған компанияның өнімдері бүгінде 6 құрлықтың 130 елінде пайдаланылады. «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясының бас директоры Юсуп Үгеннің айтуынша, компанияға тиесілі өндірістік нысанның алтауы Кайсер қаласында, біреуі Стамбулда орналасқан. Онда жалпы саны 1700-дей адам жұмыс істейді. Компания Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ға тауар тасымалдауға ниетті.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аса маңызды. Оған қоса облысқа газ тартылып, елді мекендерді газандыру қарқынды жүріп жатыр. Өңірді газдандыруды басталғанда көгілдір отынмен қамту небары 9, 10 % еді, биыл көрсеткішті 50%-ке жеткіземіз деп отырмыз. Газы бар əрбір үйге сіздер шығаратын газ плиталары қажет болады», – деді.
Газ жəне электр плиталарын өндіретін зауыт салу жобасының құны 2 миллиард теңге деп жоспарланып отыр. Онда шамамен 500-дей жұмыс орны ашылмақ, оның 200-і тұрақты жұмыс орны болады. Зауыт биылғы жылдың күзінде іске қосылады деп межеленген.