Бүгін астанада өткен үкімет отырысында коронавирустан сақтану шаралары талқыланып, «Жамбыл облысында 150 адам ковид-9 вирусын жұқтырды» деген ақпараттың жалған екені айтылды.
Жиында премьер-министр Асқар Мамин, денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, сыртқы істер министрі М.Тілеуберді, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б.Қамалиев, премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжанов қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3 кезеңін іске асырған. 1 наурыздан бастап сол елдерден келген тұлғаларға карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің 4-кезеңі енгізілді. Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында үкімет елде коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі Іс-қимыл алгоритмін әзірлеген.
Премьер-министр сөзінде: «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронаровирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын»,– деді. Сонымен қатар, әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтату туралы бұйрық берілді.
Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Ең бастысы – елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған адам анықталған жағдайға дайын болу. Ол тұрғыда бізде «Б» жоспары бар. Ол жоспар әзірленіп, барлық мемлекеттік органмен мақұлданды. Бұл жоспардың негізі – Қазақстан аумағында инфекцияның таралуын барынша шектеу. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органмен, әкімдікпен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді.
Министр Қытай мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылатынын, ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болатынын мәлімдеді. «Бірінші санатта елдерден келген азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін», – деді.
1 наурыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің 4-ші сатысын енгізді. Бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасы, соның ішінде Гонконг, Тайвань, Макао және Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия жатады.
Айта кетейік, ошағы Қытайдың Хубэй провинциясынан басталып, 65 мемлекетке тарап үлгерген ковид-9 вирусы пандемияға айналуы мүмкін. Қазіргі уақытта әлем бойынша 88437 адам ковид-9 жұқтырып, 3039 адам қайтыс болған. Вирус жұқтыру қаупі жоғары бірінші санаттағы елдер қатарында Қытайдан кейін Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, Тайуань, Макао, Италия және Иран тұр. Өңделген деректер бойынша, аталған дерт Франция, Аустралия, Филиппин, Беларусь, Латвия, Германия және АҚШ-та тіркелді. Сонымен қатар, Ресей, Украина, Армения, Қырғызстанда да вирусқа шалдыққандар карантинде жатыр. Олар Diamond Princess кемесінде болған. Ал Беларусь пен Латвияда ирандық студенттерден коронавирус табылды.