Алматы қаласында бүгін түстен кейін қалалық прокуратураның маңында 80 шақты белсенді наразылыққа жиналды.
Олар кеше ғана астана изоляторында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділовтің қазасына орай қайта жиналды. Алматылық наразы жұрттың арасында саясаткер Балташ Тұрсымбаев, Хасен Қожа-Ахмет пен Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай сөз сөйледі. Қалалық прокуратура ғимаратының алдындағы көпшілік қоғамдық бақылау арқылы тәуелсіз комиссия құрылуын талап етеді. Жиналғандарға әкімдік өкілі шерудің заңсыз екенін ескертті. Оларды арнайы жасақ пен полиция сырттай бақылап тұр.
Прокурор халықтың алдына шықсын деген белсенділерге прокурордың баспасөз хатшысы «мен шығып түрмін, біз қабылдаймыз» деп ағынан жарылды. Бірақ ресми өкілдің ұсынысымен келіспеген наразылар марқұм белсендінің өлімін тергеуді әділ жүргізуді және соңғы митингте ұсталған, қазір қамауда отырған белсенділерді босатуды талап етіп жатыр. Жанболат Мамай мен өзге де азаматтар «қамаудағылар босатылмайынша тарамаймыз» дейді.
Марқұм Ағаділовті бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтқан белсенділер кеше астанада, Алматы және Шымкент қаласында наразылыққа шыққан. Елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа күшпен тиеп алып кеткен еді. Ал Алматыдағы Целинный кинотеатрының маңына жиналған 50-60 шақты белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Бауыржан Жүрекбаев мен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына талап арыз жазып, БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұраған болатын.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».
Құзырлы органдар 25 ақпан кешкісін өткен брифингте азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ете жүріп бірнеше рет сотталған белсенді Ағаділов өлімінің себебін «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп атады.
*ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДІ МЫНА СІЛТЕМЕДЕН КӨРЕ АЛАСЫЗ.