Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарына «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды», қоғамдық тәртіпсіздік орнатты деген айып тағылды. Бұл туралы Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (СДП) ресми өкілі Кундуз Жолдыбаева мәлімдеді.
«Бүгін прокуратура Қой-Таш оқиғасына байланысты қылмыстық іс бойынша тағылған айыптарды ресми түрде жариялады. Бас прокурор Откурбек Жамшитов 491 беттен тұратын айыптау қорытындысын бекітті», — деді ресми өкіл.
Атамбаевтан басқа бұл қылмыстық іс бойынша тағы 13 адам, олардың қатарында Жолдыбаевтың өзі, президент аппаратының бұрынғы басшысы Фарид Ниязов, сондай-ақ ұлттық парламенттің депутаттары Әсел Кодуранова мен Ирина Карамушкина бар.
Былтыр 7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция бастаған. Ол Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген болатын. Операция кезінде тараптар бір-біріне резеңке оқ атып, салдарынан арнайы жасақ өкілі қаза тапты. 45 адам ауруханаға түсті.
Бірінші операция нәтижесіз аяқталған соң, 8 тамыз түстен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы екінші оперцияны бастаған. Қырғызстан денсаулық министрлігі екінші рет орын алған жанжал кезінде бес адам жараланғанын хабарлады. Оның төртеуі - полицей.
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Жоғары Кеңесте құрылған арнайы комиссия экс-президент Алмазбек Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағып отыр. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің тергеу тобы жауап алу мақсатында үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де барудан бас тартқан Атамбаев Конституциялық палатаға хат жолдаған.