Еуропа елдері атом электр станциясынан бас тарту процесін бастады. Желтоқсанда Швейцария мен Германия АЭС жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдаса, Франция үкіметі осы аптада Фессенхаймдағы атом электр станциясының ең ежелгі реакторын тоқтататпақ.
Францияға тиесілі Фессенхаймдағы АЭС 1977 жылы іске қосылған. Биыл 30 маусымда нысан толықтай жабылады. Шара үкіметтің жаңа энергетикалық стратегиясына сай қолға алынған. Осылайша, Париж 2035 жылға дейін елдегі атом энергетикасының үлесін 75 проценттен 50 пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Станцияның жабылуы үшін оператор компания 400 миллион доллар өтемақы алады.
Швейцарияда 1973 жылы ашылған станция Берн қаласының 100 жыл бойы энергетикалық қуат өндіріп келген. Мюленберг АЭС-ы Швейцарияның бес бірдей атом станциясының бірі. Қуаты 373 мегаватты құрайды. 2017 жылы швейцариялық атом электростанциялары елдегі электрдің үштен бірін өндіріп келген. Ал электрдің 60%-ы гидроэлектростанцияларға тиесілі. Ал баламалы қуат көздерінің үлесі 5%. Бұл – 2017 жылғы ядролық энергетикадан бас тарту туралы референдумнан кейін жабылған алғашқы станция болмақ. Содан бері мемлекет күн, жел және гидроэнергетиканың үлесін барынша арттырып келеді.
Германия атом электр станциясынан 2022 жылы бас тартпақ. Сонымен бірге Швейцария билігі жаңа ядролық реакторларды салмайтынын, ал қалған станцияларды қызмет ету уақыты аяқталғаннан кейін жабатынын жария етті. Швейцариядағы қалған электр станциялардың нақты қашан жабылатыны белгісіз. Әйтсе де жұмысын тоқтататын келесі станция Германиямен шекарадағы 1969 жылы салынған Бецнау болуы мүмкін.
Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия Атом электр станциясы құрылысына тыйым салған. Ал Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген станцияның жұмысын тоқтатты. Бірақ Ресей, Қытай, АҚШ сынды алпауыттар әлі күнге дейін Атом электр станцияларының құрылысын жалғастырып отыр. жаппай Электр мобильге көшу мәселесін қолға алған Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған.
АЭС-тегі алғашқы апат 1979 жылы 28 наурызда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Три-Майл-Айленд станциясында орын алды. Апатқа реактордағы суыту тізіміндегі нұқсандар мен сол жердегі мамандардың қателіктері себеп болған. Нәтижесінде ядролық отын еріп кеткен. Апат салдарын жою үшін 1 миллиард доллар мен 14 жыл кеткен.
АЭС Қазақстанда...
Алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы КСРО-ның Обнинск қаласында құрылды. Осыдан соң Англия, Франция, АҚШ сияқты алпауыт елдерде АЭС жұмыс істей бастады. 1973 жылы Қазақстандағы Ақтау қаласында алғашқы АЭС құрылды. Бірақ қазір ол тоқтап тұр. 20 жыл бойы халықты электр энергиясы және таза ауыз суымен қамтамасыз еткен АЭС реакторларын қайта іске қосу қарастырылып жатыр. Бұған қатысты шешім осы жылдың соңына дейін шығады. Қазіргі уақытта Қазақстанда атом энергиясын қолданылмайды, әйтсе де МАГАТЭ мәліметінше, еліміздің уран қоры 900 мың тонна деп бағаланып отыр. Дегенмен елімізде АЭС құрылысын бастау мәселесі жиі көтеріліп отыр. Мысалы, 2015 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің кездесуінде елімізде АЭС-ті жапон технологиясы бойынша салу туралы келісім болған. АЭС салу орны деп осыған дейін Ақтау, ШҚО-дағы Курчатов қаласы және Алматы облысындағы Үлкен ауылы аталып келеді.
Бертін келе, Қазақстанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Кремльдегі кездесуі кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді».
ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарламада: «2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы күтілуде. Еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігін қарастырып отыр. Тек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр энергиясын өндіруге Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және қолайлы технологиялар айқындалатын болады», – делінген.
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.