Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі парағында жарияланған кезекті жазбадан соң, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев дереу пікір білдірді.

13 ақпанда Хабар арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында Қазақстан билігінен алғаш рет соңғы кездері қоғамда зор талқыға айналған Айсұлтанның жазбалары туралы «сарай көзқарасын» кесімді жеткізген Абаев «оның жазғанынан гөрі денсаулығына алаңдайды».

Жазбаға мән бермейтіні – оны «әлдебір адамдардың манипуляциясының ықпалымен жазып отыр» деп санайды.

Билік өкілдерінің шалыс не жаңсақ айтқан сөзін жиі «тәпсірлеп, қайта түсіндіретін» министр алғаш рет ресми түрде сөз болған тақырыпты «жабатын уақыт келді, бірінші президенттің жиені болғаны үшін ғана тәуелді адамның қиялынан спекуляция жасау – әділетсіз, моральға сыймайды. ...бұл оқиғалар Нұрсұлтан Назарбаевты дискредитациялау амалы, лас ойын» деді.

;feature=emb_title

Мемлекеттік БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс істейтін, азаматтық журналистиканың мәселелеріне жеткілікті деңгейде мойын бұра бермейтін ақпарат министрі ақсарайдың «алтын жолақты арнасына» берген сұқбатында «Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компаниялардың, жеке адамдардың, тіпті бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ мұның артында жымысқы ой, пайда көру ниеті тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін. Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Бұл – бірінші кезекте оның анасының трагедиясы. Ана үшін баласынан асқан қандай қымбат нәрсе болуы мүмкін? Кейбіреулер осы оқиғаға елбасын да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады. Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз? Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, жоқ боп кеткен, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру кімнің қолынан келеді?» деді.

Былтыр қазанда Лондонда жергілікті полицейге қарсылық танытып, істі болған, кейіннен әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында видео-мәтін форматында «билік әулетінің» әртүрлі ішкі-мемлекеттік мәселелері бойынша атышулы мәлімдеме жасап жүрген Айсұлтан Назарбаевтың әрекетіне байланысты отбасы мүшелері ешқандай пікір білдірмеді.

Ақпарат министрі Абаевтың пікірі туралы азаматтық қоғам өкілдері «сарайдың адвокаты», «әлсіз аргументпен әспеттеу», «посткеңестік елдердің бәрі нөлден бастады, тек Қазақстан емес» деген сарында сипаттай бастады.

“The Qazaq Times”