Бүгін, ақпанның 13-і елордалық белсенді Бибігүл Тұяқова бас прокуратура ғимаратының алдында құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп санайтын Мұхтар Жәкішевті босатылуын талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді.
Қолына «Мұхтар Жәкішевке бостандық! Мерзімінен ерте босасын» деген жазуы бар баннер ұстап шыққан жергілікті азаматтық белсенді 2009 жылдан бері түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті және былтыр Жаңаөзен жастарының жұмыссыздығы мәселесін табанды түрде көтеріп, кейіннен бес жылға сотталған Ержан Елшібаевты дереу қамаудан босатуын сұрады.
«Қолдағы бар ақпаратқа қарағанда Мұхтар Жәкішев үшінші рет мерзімінен ерте босату туралы өтініш беріп жатыр. Оның денсаулығына қауіп төніп тұр. Қайта-қайта түрмеде құлап қалып жатқанын естідім. Сол себепті Жәкішевті босатуды талап етемін. …Сондай-ақ Елшібаевтың атына ешкім арыз түсірмеген. Бұрынғы оқиға бойынша соттады. Тіпті «жапа шекті» деп тауып әкелінген адамның өзі оған арыз-шағымы жоғын айтты. Бас прокуратура протест жасасын», – дейді Бибігүл Тұяқова Азаттыққа берген коментарийінде.