Кеше, ақпанның 5-і жалған айыптаудан жапа шегіп, бірнеше ай бойы нақақ абақтыда отырған аймақ журналисі Амангелді Батырбековтің үстінен Ләйла Дарханбаева түсірген арыз бойынша Сарыағаш аудандық соты арнайы сараптама тағайындады.

Судья Берік Каиповтің Азаттыққа айтқан хабарға қарағанда, белсенді тілшінің Дарханбаева туралы жазған жазбасы мен «Сарыағаш-инфо» газетіне шыққан мақаласы сараптамаға жолданған.

«Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләйлә Дарханбаева Орынбайқызы тілші «әлеуметтік желісіне жазба жазып, газетіне мақала жариялап, маған жала жапты, қорлады» деген уәжбен Батырбековке, сондай-ақ жазбаны бөліскен тағы бірнеше адамның үстінен де арыз түсірген. Сот төрағасы арызданушының сұрауы негізінде ол туралы Facebook парақшасында жазылған жазба мен «Сарыағаш-инфо» газетіне жариялаған мақалаға психологиялық-филологиялық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарыпты.

Бұл Сарыағаш сотының өңірдегі азаматтық белсендінің үстінен қозғалған екінші істі қарауы. Бұған дейін жергілікті шенеунік, Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бахтияр Әбдиевтің «ар-намысыма тиіп, қорлады» деген арызымен аудан соты 27 айға қамау жазасын кесіп, артынша халықаралық ұйымдар мен қоғам белсенділері араласып жүріп Түркістан облыстық соты ақтаған болатын.

Өткір жазбасына бола жергілікті шенділерге жаға бермейтін Батырбековтің үстінен қайта-қайта іс ашылуы – Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы, қысымға ұшыраған мүшкіл хәлінің символдық көрінісіне айналғанын аңғартады дейді сарапшылар мен мамандар.

"The Qazaq Times"