The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, жақын арада Ақ үй Палестина-Израиль шиеленісін реттеу жоспарын ұсынбақ. Құжат бойынша тараптар жылдар бойы таласқа түскен аймақтарды өзара бөліп алуы тиіс.
Иерусалим мәртебесін анықтау – Палестина-Израиль қақтығысындағы негізгі мәселенің бірі. 1967 жылғы соғыс кезінде израильдіктер қаланың шығыс бөлігін алды. Олар Иерусалимді Израильдің «біртұтас және бөлінбейтін» астанасы деп атайды. Ал палестиналықтар қаланың шығыс бөлігін өз мемлекетінің астанасы ретінде жариялағысы келеді. 2018 жылдан бастап АҚШ пен Гватемала елшіліктері Иерусалимде жұмыс істеп тұр.
Дональд Трамп аталған мәселеге қатысты «ғасыр мәмілесіне» нүкте қойылатынын хабарлаған. Сондай-ақ, Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ ұсынған бастамаға қарсы болмайтынын, ал Палестина тарапы Уашингтонның жоспарына алдағы күндері қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар, Ақ үй басшысының айтуынша, жоспарды көптеген араб елдері де қолдайды.
2019 жылы маусымның соңында Ақ үй Палестина-Израиль қақтығысын реттеу бойынша құжатта экономикалық аспектілер бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Палестина мен көрші елдерге $50 млрд.көлемінде инвестиция бөлу қарастырылған. Бірақ Палестина әкімшілігі мен бірқатар араб елдері осындай көзқарасты орынсыз деп, құжатқа бойкот жариялады.
Уашингтон даулы аймаққа айналған Иерусалимді Израильдің территориясына жатқызып отыр. Палестина болса, бұған үзілді-кесілді қарсы. Осыған орай палестиналықтардың жақтастары Газа Секторында орналасқан БҰҰ ғимаратының алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Шеруге шыққандар АҚШ саясатына қарсы ұрандатып тәртіпсіздік орнатты.