«Орал апталығы» басылымы мен әлеуметтік желілерде Кеден одағы елдерінен әкелінген автокөлік иелері ай соңында жаппай шеру өткізетіні туралы хабарландыру жарияланды.
31 қаңтар астана уақытымен сағат 15.00-ге (Орал уақыты бойынша 16.00) жоспарланған жиынға Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент, Орал, Өскемен қалалары мен астана жүргізушілері шақырылған. Шетелдік көлік дауы әлі күнге дейін нақты шешім таба қоймады. «Акция ұйымдастырушылары шетелдік нөмірі бар автокөлік иелерін әр облыстың әкімдік ғимаратының алдында жиналуға үндеді».
Бұған дейін жыл басында Қазақстан билігі Армения, Қырғызстан және Ресейден әкелінген автокөліктерді пайдалануды шектеу туралы шешім шығарған еді. Дәл осы бастама автокөлік жүргізушілерінің наразылығына себеп болды. Олар мұны бағасы қалта көтермейтін су жаңа көлік сататын автосалондары бар қазақстандық олигархтардың мүддесін ғана көздейді деп санайды.
Жыл басталғалы бері елдің 10 шақты қаласында наразылық өткізген шетелдік көлік иелері «тіркеудің қалтаға салмақ түсіретінін», тіпті «тіркеу сомасы көлік бағасынан асып түсетінін» айтып шағынады. Азаматтар тіркеу рәсімін жеңілдетіп, өздерін кінәлі деп тануды тоқтатуды сұрады.
ІІМ мәліметі бойынша, көлікті есепке қою 500 мыңнан 4 млн теңгеге дейін шығындалу қажет. Кеше Маңғыстауда өткен автокөлік жүргізушілерінің кезекті бір шеруінде жиналғандар:
– Біз салық төлеуге дайынбыз, бірақ тіркеу қымбат. Ел президенті Тоқаевтың автокөліктерді 2021 жылдың наурызына дейін уақытша тіркеу туралы мәлімдемесі біздің проблеманы шешпейді. Неге мемлекет басшысы халыққа қарсы келеді? Бізде көп ақша жоқ! Өйткені Серік Жұманғарин (Еуразиялық экономикалық одақтың бәсекелестік бойынша блог алқасының мүшесі – ред.) Армения Еуразиялық одаққа мүше деді. Сондықтан біз сол жерден көлік әкеле бастадық, – деді.
27 қаңтар Орал қаласының жүргізушілері жиналып, билік өкілдеріне 6 мәрте митинг үшін берген қтінімді кері қайтарғанын айтты. Сондай-ақ олар 30, 31 қаңтар және 1, 2 ақпан күндері бейбіт жиын өткізуге тағы да 4 өтініш жасады.
Қаңтардың 24-і үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев халық арасында ушыға бастаған шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырды. Десе де 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуге қоюды тапсырды. Ешқандай жеңілдік берілген жоқ.
Ел ішінде әлеуметтік (еңбек дауы, АӘК алушылар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар), саяси (азаматтық қоғам мен оппозиция), наразылық үдеп тұрған тұста билік мыңдаған көлік иесіне шығын жағынан қолдау танытпады.