Ұлттық банк бүгін монета үлгісіндегі 200 теңгені айналымға шығарды.

Ведомство «Монетаның дизайны Қазақстан Республикасы президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №804 жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды. Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді», – деп хабарлады.

Тиынның сырт жағындағы орталық бөлігінде мемлекеттік елтаңба, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін «200» деп жазылған.

Монетаның төменгі бөлігінде ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу орналасқан. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар.

Жаңа 200 теңгелік монета. 28 қаңтар 2019 жыл. Фото: Ұлттық банк

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс

Массасы: 7,5 грамм

Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкі дискі – 18,3 мм

Қалыңдығы – 1,90 мм

Қыры: 16 ойықтар.

Айта кетерлік жайт, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік қағаз ақша (банкноттар) да заңды төлем құралы ретінде жарамды болып саналады.Теңге сарайы мен қаржы министрлігінің аталған бастамасы былтыр қазан айында көтерілген еді. Қоғам мұны әртүрлі қабылдады. Тәуелсіз сарапшылардың көбі қағаз ақшаның монетаға ауысуын инфляцияның салдарымен байланыстырса, тағы бір бөлігі ұлттық валютаның құнсыздауының көрінісі ретінде бағалады.

Ал Ұлттық банк төрағасының сол кездегі орынбасары Мадина Әбілқасымова 200 теңгелік монета шығару туралы шешімнің себебін түсіндірген болатын.

«Бірінші кезекте бұл купюраның жиі тозуымен байланысты, яғни монетамен алмастыруға бағытталған. Бұл – ең көп ұсталатын ақша. 200 теңгелік ақша қолма-қол айналымда көп жүретіндіктен тез тозады. Қайта-қайта қолданыстан шығып қалатын болғандықтан монета енгізу туралы шешім қабылданды», – деді Мадина Әбілқасымова.

"The Qazaq Times"