Қазақстан астанасында күн райы бұзылуының кесірінен төтенше жағдай жарияланды. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин:
«Елорда бойынша төтенше жағдай жарияланды. Ол әділет басқармасында тіркеуден өтті. Қазіргі уақытта қалған 6 аудан бойынша төтенше жағдай бойынша комииссия жиналысы өтейін деп жатыр. Төтенше жағдай жариялаудың себебі – адамдарды медициналық қызметтермен, азық-түлікпен қамтамасыз етудің, жұмысқа, үйге жетудің қиындап кетуі», – деп хабарлады.
27 қаңтарда желдің жылдамдығы секундына 26 метрге жеткен. Бүгін алты аймақ бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтеді.
«6 аймақтағы штаб 24 сағат бойы жұмыс істеп тұр. Республика бойынша 96 жол учаскесі жабық. Олардың 61-і астана мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық дәрежедегі жолдар. Сонымен бірге облыстық дәрежедегі 34 жол жабылды. Әсіресе, кеше түнде жағдай қиын болды. Желдің жылдамдығы 28 метр секундқа жетіп, автокөліктер тұрып қалды», – деді ведомство вице-министрі.
Сондай-ақ астана әуежайының баспасөз хатшысы Жеңіс Ахметжанов «қауіпсіздік мақсатында барлық рейстер белгісіз уақытқа шегерілгенін» хабарлады. Және қаладағы мектептер мен колледждерде оқу процесі уақытша тоқтады.
Ал «Қазгидрометтің» қысқа мерзімді болжамдар басқармасының басшысы Алуа Саханова:
«29-30 қаңтарда солтүстік-батыс антициклоны келеді деп болжадық. Осының салдарынан күн суытып, қардың түсуі тоқтайды. Ауа температурасы қаңтар айындағы қалыпты деңгейде болады, түнде солтүстікте, шығыста және орталықта минус 20-30 градусқа дейін төмендейді», – деді.