Ресейдің үкімет басына келген Михаил Мишустиннің миллиардер қарындасы БАҚ назарына ілікті. Мәліметтерге қарағанда жаңа премьердің қарындасы Наталия Стенинаның Мәскеуде құны 1 млрд АҚШ долларына тең жылжымайтын мүлкі бар. Алайда, оның жұртқа белгілі жалғыз ғана бизнесі бар, ең қызығы оның бұл рестораны өзін ақтамай жабылып қалған.
Ресей және шетелдік ақпарат көздері Наталия Стенинаның иелігіндегі жылжымайтын мүліктердің ашық деректерде көрсетілмейтінін жазады. Ол иелік еткен құнды жылжымайтын мүліктердің көбі мемлекет иелігінде деп көрсетілген. Соңғы кездері ресейлік шенеуніктердің иелігіндегі жылжымайтын мүліктер «Ресей Федерациясының иелігінде» деп көрсетіле бастаған. Бұл әрине сырт көзге солай болғанымен қазіргі премьер Мишустин басқарып келген Федералдық салық қызметінде оның нақты иелері белгілі. Бірақ, бұндай мәліметтер көпшілікке қол жетімді емес.
Наталия Стенина Мәскеудегі Knightsbridge Private Park комплексіне иелік етеді. Ондағы пәтерлердің әр шаршы метрі қазіргі нарықта 1 млн рубль деп бағаланған. Бірақ, бұл комплекс Стенинаға тиесілі бағалы жылжымайтын мүліктердің бірі ғана.
Ресей лауазымдыларының дүние-мүлкі туралы зерттеп көрген BBC журналистері жоғарыдағыдай әдістермен мүлік иелену сол елдегі жоғары лауазымдылар арасында қалыпты құбылыс саналатынын айтады.